Павлодарда үш жылға созылған реконструкциядан кейін 1956 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан №1 қалалық аурухана қайта ашылды. Өңірдегі ең ірі медициналық орталықты жаңартуға 12,3 млрд теңге жұмсалды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Павлодар облысы әкімдігінің мәліметінше, 70 жылдық тарихы бар бұл емдеу мекемесі ондаған жылдар бойы күрделі жөндеу көрмеген. Жұмыс 2022 жылы басталған.

«Аурухана кешенінің жалпы ауданы 21 мың шаршы метрді құрайды, оның 13 мың шаршы метрі реконструкцияланды. 2020 жылы әзірленген жоба жергілікті және республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылды. Жұмыстардың жалпы құны 12,3 млрд теңгені құрады, оның 8,8 млрд теңгесі медициналық жабдық сатып алуға жұмсалды», – делінген хабарламада.

Реконструкция барысында негізгі емдеу корпустарының қасбеттері, терезе блоктары мен инженерлік желілер толығымен жаңартылды. Электрмен жабдықтау, жылумен қамтамасыз ету, сумен жабдықтау және кәріз, медициналық газдар, өрт дабылы, телефон және жергілікті желі жүйелері 100 пайызға ауыстырылды.

Палаталарда жеке санитарлық тораптар мен душ кабиналары пайда болды, ал инфекциялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін әр қабатта бөлек желдету жүйесі орнатылды.

«Аурухана 1 319 бірлік жаңа медициналық жабдық алды, оның ішінде рентген қондырғысы, сараптамалық кластағы УДЗ аппараттары және оңалтуға арналған жабдықтар бар. Ең маңызды сатып алулардың қатарында – 7-буынды ангиограф және КЧП жабдығы», – деді әкімдікте.

Бұған дейін профилактикалық медицина академиясының президенті Алмаз Шарман әлемдік тәжірибеде 40–50 жыл пайдаланылған медициналық корпустарды бұзу қауіпсіз екенін түсіндірген болатын.