Павлодарда кәмелетке толмаған бала сегізінші қабаттан құлап, аман қалды. Оқиға 9 қыркүйек күні кешке болған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, жазатайым оқиға шамамен 21:00-де тіркелген. Алдын ала деректерге қарағанда, бала көпқабатты үйдің сегізінші қабатындағы пәтердің балконында болып, орындыққа шығып, терезеден құлап кеткен.

Ведомство баланың тірі қалғанын, алайда жағдайы ауыр екенін нақтылады.

Облыстық ТЖД дерегінше, жыл басынан бері өңірде балалардың биіктіктен құлауының алты ұқсас оқиғасы тіркелген, оның екеуі балалардың қаза табуымен аяқталған.

Осыған байланысты құтқарушылар ата-аналарға терезелері ашық бөлмелерде және балкондарда балаларды қараусыз қалдырмауға шақырды. Сондай-ақ терезелердің жанына бала шыға алатын жиһаз бен басқа да заттарды қоюға болмайтынын, терезелерге сенімді бұғаттағыштар, торлар немесе ашу шектеуіштерін орнату қажеттігін ұсынды.