Павлодарда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында медициналық қызметті жалған тіркеуге қатысты қылмыстық іс тергелуде. Бұл туралы облыстық экономикалық тергеу департаменті мәлім етті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Тергеу нұсқасы бойынша, жекеменшік клиника екі жыл бойы есептілікке іс жүзінде көрсетілмеген немесе негізсіз тіркелген МӘМС қызметтері туралы деректерді енгізіп келген болуы мүмкін. Келтірілген шығынның алдын ала сомасы 15 млн теңгеден асады.
Ведомство қайтыс болған азаматтарға медициналық қызмет көрсетілгені туралы жазбаларды, ер адамдарға гинекологиялық қызмет көрсетілгені туралы мәліметтерді, сондай-ақ осы емханаға тіркелмеген азаматтарға қызмет көрсетілгені туралы деректерді анықтағанын хабарлады.
«Қылмыстық іс аясында медициналық ұйым басшылығы мен дәрігерлердің қатысы бар-жоғы да тексерілуде. Қазіргі таңда тергеушілер осы мекемеде медициналық қызмет алған көптеген азаматтың деректерін зерделеп жатыр», — деп хабарлады облыстық ЭТД.
Қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасуда. Ведомствоның мәліметінше, күдіктілер әзірге ресми түрде анықталған жоқ.


