Петропавлдағы Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледждің жатақханасында тұратын сегіз студент «дене терісінің дерматофитиясы» деген алдын ала диагнозбен ауруханаға жатқызылды. Бұл — халық арасында теміреткі деп аталатын саңырауқұлақ инфекциясы, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Сегіз науқас туралы шұғыл хабарлама 25 қыркүйекте көпбейінді облыстық ауруханадан Петропавл қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына түсті.

Басқарманың эпидемиологиялық бақылау бөлімінің жетекшісі Анара Құрғанбаеваның айтуынша, барлық науқастар жатақхананың бір қабатында тұрады. Олардың бөлмелері қатар орналасқан, студенттер арасында тығыз тұрмыстық қарым-қатынас болған.

Қазіргі таңда диагноз нақтыланып жатыр. Тері-венерологиялық диспансерде патологиялық материалға зертханалық зерттеу жүргізілуде.

Колледж бен жатақханада эпидемиологиялық тергеу ұйымдастырылды. Мамандар инфекция көзін және оның таралу жолдарын анықтауда.

Жатақханада және науқастардың тұрғылықты жерінде қорытынды дезинфекция жүргізілді. Колледжде де эпидемияға қарсы шаралар жоспарланған.

Емдеу аяқталған соң дәрігерлер науқастарды бір ай бойы бақылайды. Осы кезеңде олардың жағдайын тексеру үшін екі рет зертханалық зерттеу жүргізіледі.

Бұған дейін Kursiv Health қарағандылық үш студенттен туберкулез анықталғанын хабарлаған болатын.