Қазақстан Ішкі істер министрлігі құрамында психотроптық және күшті әсер ететін заттар бар дәрілік құралдардың заңсыз айналымына тосқауыл қою жұмысын жүйелі жүргізіп келеді. Осы бағыттағы жұмыс барысында Петропавлда жүзу жаттықтырушысы ұсталып, одан күшті әсер ететін дәрілердің 56 таблеткасы тәркіленді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
ІІМ-нің ақпараттық медиапорталының мәліметінше, жыл басынан бері полицейлер денсаулық сақтау органдарымен бірлесіп тоқсан сайын «Дармек» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізіп келеді. Оның мақсаты — азаматтардың денсаулығын қорғау және құрамында психотроптық пен күшті әсер ететін заттар бар дәрілік құралдардың заңсыз айналымына жол бермеу.
Жұмыс барысында мұндай дәрілердің дәрігер рецептісіз берілу фактілері анықталуда — оған дәріхана қызметкерлері де, фармацевтикалық қызметке қатысы жоқ өзге де адамдар да барады.
«Аталған дәрілердің кәмелетке толмағандарға сатылуы ерекше алаңдаушылық тудырады. Мұндай дәрілік құралдар тек дәрігердің тағайындауы бойынша берілуі тиіс, өйткені оларды бақылаусыз қолдану ауыр зардаптарға, соның ішінде өліммен аяқталатын дозадан асып кетуге әкеп соғуы мүмкін», — деп атап өтті ведомствода.
ІІМ дерегінше, кезекті кезең 21-25 қыркүйек аралығында өткізілді. 1500-ден астам медициналық мекеме мен дәріхана, сондай-ақ 142 өнеркәсіп кәсіпорны тексерілді. 249 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Құрамында есірткісі бар 28 мың дәрілік құралдың айналымы шектелді.
Сонымен қатар химиялық заттар мен прекурсорлардың заңды айналымнан заңсыз айналымға өтуіне жол бермеу шаралары қабылдануда. Түрлі прекурсорлардың 675 тоннасының айналымы шектеліп, 90 заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Мысалы, Петропавлда жүзу жаттықтырушысы ұсталып, одан күшті әсер ететін заттардың 56 таблеткасы тәркіленді. Түркістанда бір дәріханада күшті әсер ететін заттардың лицензиясыз сатылғаны анықталып, 5 мыңнан астам таблетка тәркіленді. Оралда лицензиялау нормаларын бұзғаны үшін 500 тонна тұз қышқылының айналымы шектелді.


