Қарағандының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы әлеуметтік желілерде тараған академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінде туберкулёздің кең көлемде өршуі туралы ақпаратты ресми түрде жоққа шығарды. Санитарлық дәрігерлердің дерегінше, қазіргі таңда оқу орнының үш студентінен ауру анықталған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
«Қазіргі таңда тіркелген туберкулёз жағдайлары бойынша эпидемиологиялық тергеу жүргізілуде. Инфекция ошағында ошақты оқшаулауға және инфекцияның одан әрі таралуына жол бермеуге бағытталған қажетті санитарлық-гигиеналық, емдеу-профилактикалық және эпидемияға қарсы шаралар кешені ұйымдастырылып, жүргізілуде», — делінген ведомство хабарламасында.
Сонымен қатар санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасында Қазыбек би ауданының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы карантин енгізу туралы қаулы шығармағанын атап өтті. Санэпидемиологтар қазақстандықтарды жалған ақпарат таратпауға шақырды.
Басқарманың баспасөз қызметі хабарлағандай, эпидемиологиялық тергеу 30 күнге созылады, содан кейін мамандар болған жағдай туралы толық ақпарат бере алады.
Кейбір деректерге қарағанда, ауырған студенттер оқуда да, тұрмыста да бір-бірімен ешқандай байланыспаған. Олар түрлі факультетте оқиды, түрлі корпустарға барады және бір жатақханада тұрмайды. Сондықтан инфекция кампус қабырғасында жаппай таралып жатыр деуге негіз жоқ. Екі науқас — жергілікті тұрғын, ал үшіншісі Батыс Қазақстан облысынан оқуға келгені белгілі.
Бұған дейін «Курсив» Қазақстанда ағымдағы жылдың алты айында туберкулёздің 2 919 жағдайы тіркелгенін, бұл бір жыл бұрынғыдан 11%-ға аз екенін жазған болатын.


