Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Қайран шешем

Құрманғазы Орал түрмесінде жатып қалады. Бұл түрменің орда түрмесіндей емес, мықты екенін көріп, Құрманғазы біра налиды. Бірнеше күн ешкіммен кеңеспей, өзімен-өзі болып, қалың уайым теңізіне батады. Бір күні қысқа серуен кезінде Лавочкин деген орыс тұтқынымен танысады. Ол «ақ патшаға тілі тигені үшін» қамалған орыс жұмыскері болып шығады. Өзі қазақ арасында көп болып, қазақшаны судай білетін болады. Ол Құрманғазыны жұбатып, көптеген ақыл айтып, өзінің өмірінен біраз шежіре айтады. Екеуі енді айырылмас дос болып, сырласып, ақылдасып отыратын болады.

Құрманғазы Лавочкинге өзінің осы жолға шығардағы басынан кешкен бір әңгімесін баяндап береді:

«Ақбаевтің атарман-шабармандары ұстап алып, көк арбаға тіркеп, енді жүргізейін деп тұрғанда шешем Алқа келе жатқанын көрдім. Әлпештеп өсірген анама әлі күнге бір қызмет ете алмай, оны үнемі қауіп-қатерде, жоқшылықта ұстап келгенмін. Енді, міне, көп жылдан соң келгенде тағы да оны пұшайман етіп кетіп бара жатқаным ойыма түсіп, шыдай алмай көзімнен бір тамшы жас шығып кетті. Сонда, қайран шешем менің қасыма келіп: «Мен ұл таптым деп жүрсем, жаман, жасық неме екен ғой, туғаным. Кімнің алдында көзіңнің жасын шығарып
тұрсың?!» деп жағымнан шапалақпен тартып-тартып жіберді. Сонда ғана мен антектік жасағанымды сездім. Анама күле қарап қош айтыстым», — дейді.

Құрманғазының бұл әңгімесі Лавочкинге үлкен әсер етеді. Ол өзінің шешесінің талай мейірбанды істерін есіне алып, біраз әңгіме етеді. Құрманғазы болса шешесінің жас кезінде қандай сотқарлығы болса да кешіріп, қандай тентектігі болса да Сағырбайдан арашалап, қалай да Құрманғазыны қақпайламай, бір-беткей етіп өсіруге тырысқанын, ондай тәрбиенің Құрманғазы өмірінде үлкен рөл ойнағанын күйші қайта-қайта есіне түсіріп, небір еркеліктерін көз алдына елестетіп, көрер таңды көзімен атырады. Қатар жатқан Лавочкин де өзімен-өзі сырласып, ол да аунақшып ұйықтай алмай шығады.

Ертеңінде Құрманғазы ойланып-толғанып, қолына домбырасын алып, қолы хат білмесе де, ардақты анасының айта қалғандай «жазасын» қағаз бетіне түсіретін мүмкіншілігі болмаса да, домбыраның қос ішегінде бір ескерткіш қалдырайын деп күй шертті. Оны лавочкинге тартып бергенде екеуінің ерлігі де бір сәт кейінгі пыланға шыға тұрып, кішкене көз жастарын төгіп алды. Бірақ өмірдің небір өткел бермес асуларын, асқар белдерінен өткен қайратты жігіттер тез өздерін-өздері жинап алып, күйді қайта-қайта орындап, тыңдап, оның ішінде тек сағыныш ноталары ғана емес, күш-қуат барын, тіпті сартылдап қашып бара жатқан аттың тұяғының сарыны барын естігенде, бірін-бірі тілсіз түсініп, ол сарынның арман даусы екенін біліп қойды. Ақылдасып келіп күйдің аты «Қайран шешем» болды.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама