Қазақстан өңірдегі балалы отбасыларды қолдаудың ең ауқымды әрі тармақталған жүйелерінің бірін құрды. 2026 жылы республикалық бюджеттің барлық шығысының шамамен 27%-ы халықты әлеуметтік қорғауға бағытталды. Бұл көрсеткіш Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше жетекші елдердің деңгейімен салыстыруға тұрарлық, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
2016 жылдан бері әлеуметтік төлемдерге 40,1 триллион теңге бөлінген. Ең қарқынды өскені — Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) берілетін төлемдер: осы кезеңде олар шамамен 6,5 есеге артты. Бұл жұмыс істейтін азаматтарды сақтандыру арқылы қорғаудың кеңейгенін көрсетеді.
Мемлекеттен алғашқы қаржылай қолдау бала дүниеге келген бойда беріледі, әрі бұл төлемді табысына қарамастан әрбір отбасы алады. Бірінші, екінші және үшінші балаға бір реттік 164 350 теңге төленеді, ал төртінші баладан бастап сома 272 475 теңгеге дейін өседі.
Салыстырып көрейік: Қырғызстанда бір реттік төлем шамамен 21 500 теңге, Өзбекстанда — 29 700 теңге шамасында, ал Тәжікстанда көмек мөлшері әр келесі бала сайын азаяды. Тіпті бір реттік жәрдемақы мүлде жоқ немесе ол отбасы табысына қатаң байланыстырылған көптеген еуропалық елдер мен ЭЫДҰ мемлекеттерінің аясында да қазақстандық төлем барынша қолжетімді әрі кепілді болып көрінеді.
Бір реттік көмектен кейін отбасылар тұрақты ай сайынғы төлемдерге көшеді. Жұмыс істемейтін аналарға бір жарым жасқа дейінгі баланы күту жөніндегі жәрдемақы бюджеттен төленеді — бірінші балаға 24 912 теңгеден бастап. Жұмыс істейтін әйелдер МӘСҚ-тан жалақысына қарай төлем алады — орта есеппен айына шамамен 87 000 теңге. Оның үстіне, декреттік демалыс кезінде мемлекет ана үшін міндетті зейнетақы жарналарын субсидиялап, оның жинақтарының үздіксіздігін сақтайды. Мұндай қолдау көршілес елдердің көбінде жоқ.
Қазақстандық жүйеде көпбалалы отбасылар мен мүгедектігі бар балалардың ата-аналарына ерекше көңіл бөлінген. Төртінші баладан бастап отбасы табысы тексерілмейтін жеке жәрдемақы ала бастайды: төртеуіне 69 330 теңге, жетеуіне 121 360 теңгеге дейін, әр келесі балаға тіркелген қосымша үстемеақымен. «Күміс алқа» және «Алтын алқа» иегерлері өмір бойы ай сайынғы төлем алады. Мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған отбасыларға ай сайынғы 81 870 теңге жәрдемақы қарастырылған, ол ең төменгі күнкөріс деңгейіне тікелей байланыстырылған.
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда 10 жәрдемақыны төлеу тәртібі өзгереді. Үкімет мұқтаждықтың жаңа өлшемшарттарын бекітті, оған сәйкес ауқатты отбасылар енді мемлекеттен қаржылай қолдау ала алмайды.


