Қазақстанда заманауи цифрлық технологияларды енгізу арқылы жол қозғалысын бақылау айтарлықтай күшейтілді. Енді тәртіп сақшыларына ұшқышсыз ұшатын аппараттар, мобильді кешендер және орташа жылдамдықты бақылау жүйелері көмекке келді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ішкі істер министрлігінің ақпараттық медиапорталында атап өтілгендей, инновациялық әзірлемелер полиция қызметкерлеріне жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын тиімді анықтауға, қауіпті жағдайларға жедел ден қоюға және жол-көлік оқиғаларының алдын алуға мүмкіндік береді. Ведомство: «Бүгінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету цифрлық құралдарды енгізумен жүзеге асырылуда. Азаматтарға жедел көмек көрсету және ден қою маңызды. Сондықтан азаматтарды қылмыстық қол сұғушылықтан қорғау әдістері мен нысандары, сондай-ақ жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы тәсілдер күн сайын жетілдірілуде. Цифрлық шешімдер құқық бұзушыларды анықтауға және оларды жауапкершілікке тартуға ықпал етеді», — деп атап өтті.
Ұшқышсыз ұшатын аппараттар жол қозғалысын әуеден үздіксіз бақылауды қамтамасыз етеді. Осының арқасында жылдам жүру әуесқойлары мен қасақана ереже бұзушылар енді жауапкершіліктен құтыла алмайды — бұзушылықтар биіктіктен тіркеледі. Дегенмен, дрондарды қолданудың басты мақсаты — жазалау емес, қауіпті жағдайларға уақытылы ден қою арқылы қазақстандықтардың өмірі мен денсаулығын сақтау.
Полицияның тағы бір тиімді көмекшісі — патрульдік көліктерге орнатылған мобильді кешендер. Олар көлік ағынында рульде ұялы телефонды пайдалану, жаяу жүргіншілерге жол бермеу, жылдамдықты арттыру және маневр жасау ережелерін сақтамау сияқты бұзушылықтарды оңай анықтауға мүмкіндік береді.
Қала сыртындағы трассаларда жылдамдықты арттыруды ұнататындар үшін орташа жылдамдықты бақылау жүйесі қолданылады. Ол көлік құралының бүкіл жол бойындағы қозғалысын талдайды. Қазір мұндай жүйе республикалық маңызы бар 12 негізгі бағытта енгізілген, деп нақтылады ІІМ.
Апаттылықтың алдын алу мақсатында түнгі уақытта, рульде ұйқышылдықты сезінетін жүргізушілер үшін, сондай-ақ қолайсыз ауа райы жағдайында ерекше өзекті болып табылатын лазерлік жүйелер де қолданылады.
«Цифрлық технологиялармен қатар жолдарда жүру бөлігін жасанды тарылту бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бұл жүргізушілердің жылдамдық режимін төмендетуі, зейінін арттыруы және жинақы түрде қозғалысты жалғастыруы үшін жасалуда. Барлық осы шаралар азаматтарды қорғауды күшейтуге, сондай-ақ жолдардағы апаттылық деңгейін төмендетуге бағытталған. Өйткені біз үшін жүргізушілер мен жолаушылардың жолға шыққанда өз қауіпсіздігіне сенімді болуы маңызды», — деп атап өтті ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Бағланбек Айтпаев.


