Қазақстан полицейлері бір апта ішінде Жол қозғалысы ережелерінің 10 мыңға жуық бұзушылығын анықтады. Әсіресе дрифт пен мас күйде көлік жүргізушілерге ерекше назар аударылды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлады, деп жазады infohub.kz.

Анықталған бұзушылықтардың ішінде 201 мас күйде көлік жүргізу фактісі тіркелді. Осындай жағдайлардың бірі түнде Үштөбе қаласында болды: полицейлер Toyota Marino көлігін тоқтатты, оның рөлінде 34 жастағы мас ер адам отырған. Сот оны 15 тәулікке қамауға алып, жеті жылға жүргізуші куәлігінен айырды.

Сонымен қатар, ведомство дрифт пен қауіпті жүргізу фактілерін тоқтату полицейлердің тұрақты бақылауында екенін атап өтті. Соңғы аптада мұндай бұзушылықтар Астана, Қостанай және Шымкент қалаларында анықталды.

Мәселен, астанада екі жас жүргізуші Шамши Қалдаяқов көшесінде дрифт жасады. Екеуі де 10 тәулікке қамауға алынып, көліктері арнайы тұраққа қойылды. Қостанайда дрифт бейнебақылау камераларына түсіп, жүргізуші тез анықталды. Ол жыл басынан бері ЖҚЕ бұзғаны үшін 16 рет жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды. Сот оған 15 тәулік қамау жазасын тағайындады. Ал Шымкентте 18 жастағы Mercedes-Benz жүргізушісі дрифт жасап, түнде тыныштықты бұзды — ол да 10 тәулікке қамауға алынды.

Бұдан бөлек, 21 қыркүйектен бастап еліміз бойынша 13 мыңнан астам заңсыз жазу мен граффити жойылды. Алты мыңнан астам әкімшілік іс қозғалды. Төрт ең ауыр факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды: біреуі — вандализм, тағы үшеуі — есірткі граффитиі бойынша.

Сондай-ақ, апта ішінде полицейлер ізін суытпай бір кісі өлтіру, өлімге әкеп соққан ауыр дене жарақатын қасақана келтірудің үш фактісі, 11 тонау, 218 ұрлық, сондай-ақ жеті мал ұрлығы мен сегіз көлік ұрлығын ашты, деді ІІМ.

Айта кетейік, жақында Mercedes-Benz жүргізушісі Қазақ хандығы ескерткішінің жанында дрифт жасап, қамауға алынған болатын.