Қазақстанда мыңнан астам дәріхана мерзімі өткен дәрілерді сатқаны үшін әшкереленді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Сауда және интеграция вице-министрі Әсет Нүсіпов мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Бұзушылықтарды анықтауға Naqty Onim цифрлық таңбалау жүйесі көмектесті. «Жүйе мерзімі өткен дәрілерді көріп отыр. Мысалы, айналымға қатысушылардың 1000-нан астамында жарамдылық мерзімі біткен дәрілерді сатудың 7 500 дерегі тіркелді», – деді вице-министр.

Сонымен қатар, тегін берілуге арналған 27 мың қаптама дәрі коммерциялық сатылымда табылды. Осы үшін 30-дан астам ұйымға 12,3 млн теңге айыппұл салынды, тағы 43 дәріханаға бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді.

«Яғни, бұл дәрілерде тиісті «тегін» деген мөртабан болған, ал шын мәнінде чектер бойынша олар ақшаға сатылған. Сонымен қатар, таңбалау коды қойылған қаптамаларды қайта сатудың 470 мыңнан астам дерегі анықталды», – деп атап өтті Нүсіпов.

Ол сондай-ақ бүгінгі таңда Naqty Onim қосымшасын 55 мыңнан астам адам жүктеп алғанын хабарлады. Пайдаланушылар шамамен 2,3 млн таңбалау кодының түпнұсқалығын тексерген. Бұған қоса, қазақстандықтар қосымша арқылы таңбалау талаптарының бұзылуы туралы 10 мыңға жуық өтініш берген.

Нүсіпов цифрлық таңбалау ведомствоға осы мәселелердің барлығын қадағалауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Бұған дейін Қазақстанда 3 миллионнан астам азамат жыл сайын мемлекеттен тегін дәрі алатыны белгілі болған. Осы мақсаттарға жеті жылда бюджеттен 1,3 трлн теңге бөлінген.