Кейбір қазақстандықтар ақылы түрде әлеуметтік төлем немесе жәрдемақы рәсімдеп беремін деп уәде ететін «көмекшілердің» қызметіне жүгінеді. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ескерткендей, мұндай әрекеттер ақша жоғалтуға, тіпті жауапкершілікке тартылуға әкеп соғуы мүмкін, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қазақстанда мемлекеттік жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер әртүрлі жағдайларда және оған заңды құқығы бар азаматтарға ғана тағайындалады. Мысалы, әлеуметтік төлемдер Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына (МӘСҚ) аударым төленетін ресми жұмыс істейтін қазақстандықтарға ғана қолжетімді.
Алайда, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі атап өткендей, әлеуметтік желілерде азаматтарға әлеуметтік төлемдерді рәсімдеуге, оларды ұзартуға немесе жұмыстан айырылу бойынша төлемдерді алуға көмектесу туралы ұсыныстар мезгіл-мезгіл келіп тұрады. Іс жүзінде мұндай ұсыныстар қауіпті және бірқатар жағымсыз салдарға әкелуі мүмкін.
Ең алдымен, бұл – ақша жоғалту: әлеуметтік төлемдерді тағайындау кезінде делдалдар қажет емес, мұндай жағдайда қазақстандықтар «ауаға» ақша төлейді. Сонымен қатар, жеке деректердің таралу қаупі бар – бөгде адамдар куәлік деректерін және басқа да жеке ақпаратты алады. Тағы бір қауіп банк шотына қатысты: карта деректерін және құпия банктік ақпаратты беруге болмайды, өйткені бұл қаражаттың ұрлануына әкелуі мүмкін. Сондай-ақ, қолжетімділікті жоғалту қаупі бар – SMS-кодтар мен электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) беру цифрлық сервистерге қолжетімділікті қауіпке қоюы мүмкін.
Бұдан бөлек, ведомство атап көрсеткендей, заңсыз алынған ақшаны қайтаруға тура келеді, ал жалған жұмысқа орналасу немесе көрінеу жалған мәліметтер беру үшін азаматтар жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
Тек 2025 жылдың өзінде Қазақстанның 12 өңірінде әлеуметтік төлемдерді заңсыз алуға байланысты 30-дан астам қылмыстық іс қозғалды. Бес өңірде сот жеті үкім шығарды.
Әлеуметтік төлемді рәсімдеу үшін кепілді түрде алуға, жеделдетуге немесе ұзартуға уәде ететін делдалдарға ақы төлеудің қажеті жоқ екенін есте ұстаған жөн. Қазақстандықтар мемлекеттік қолдау алуға өз бетінше өтініш бере алады, оны тіпті Халыққа қызмет көрсету орталығына жеке келмей-ақ жасауға болады.
Ауқымды түсіну үшін: 2026 жылдың қаңтарынан тамызына дейін МӘСҚ-тан әлеуметтік төлемдерді 1,1 млн-ға жуық азамат жалпы сомасы 527 млрд теңгеге алды.
Ал жақында біз Қазақстанда «жұмыссыздық бойынша жәрдемақы» тағайындау тетігі қалай өзгеретінін әңгімелеген болатынбыз.


