Қазақстанда жеті микроқаржы ұйымы (МҚҰ) тексеру қорытындысы бойынша лицензиясынан айырылды. Тексеру барысында заңбұзушылықтар анықталған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) сайтында көрсетілгендей, жекелеген МҚҰ-ның қызметіне тексеру жүргізілген. Олар заңнама талаптарын жүйелі түрде бұзғанын, бұл қаржылық қызмет тұтынушыларының құқықтарының бұзылуына әкеп соққанын көрсетті.
Осыған байланысты жеті МҚҰ-ның микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға арналған лицензиясынан айыру туралы шешім қабылданды. Олардың қатарында:
«МҚҰ «MaxMoney» ЖШС;
«МҚҰ «Microfinance Systems» ЖШС;
«МҚҰ «SurfKaz Finance» ЖШС;
«МҚҰ «MFO№1» ЖШС;
«МҚҰ «Умит Финанс» ЖШС;
«МҚҰ «Вивус» ЖШС;
«МҚҰ «EL QAZYNA» ЖШС.
«Қабылданған шешімдер заңбұзушылықтардың жолын кесуге, адал емес тәжірибелердің алдын алуға, микроқаржы нарығына қатысушылардың жауапкершілігін арттыруға және заңнамада белгіленген талаптардың сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған», — деп атап өтті ҚНРДА-да.
Агенттікте қосымша атап өткендей, лицензиясынан айырылған МҚҰ микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға, сондай-ақ жекелеген жағдайларды қоспағанда, микрокредит беру туралы қолданыстағы шарттардың талаптарын өзгертуге құқылы емес.
«Заңнамаға сәйкес МҚҰ лицензиясынан айырылған күннен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде өз атауынан «микроқаржы ұйымы» деген сөздерді, олардан туындайтын сөздерді немесе аталған заңды тұлғаның микрокредит беру қызметін жүзеге асыратынын білдіретін аббревиатураларды алып тастау жолымен қайта тіркеу рәсімін өткізуге не қайта ұйымдастыру немесе тарату туралы шешім қабылдауға міндетті. Микрокредит беру туралы шарттар бойынша орындалмаған міндеттемелері бар МҚҰ клиенттері жасалған шарттардың талаптарына сәйкес міндеттемені орындамағаны үшін жауапкершілік көтереді», — деп нақтылады ведомствода.


