- 10 там. 2019 00:00
- 271
Қазыбек бидің елшілігі
Бір жолғы елшілік сапарда Жоңғар ханы Қалдан Бошақту Қазақ елшілеріне:
— Иә, қазақтар, неменеге келдіңдер, айтатындарыңды айтыңдар да, елдеріңе қайтыңдар, — депті.
Сонда босаға жақта жайғасқан, жетелі жеткіншек Қазыбек лып ете көтеріліп кеп, қонтайшыға шоқтай жанған көздерімен тесіле қарап тұрып:
— Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай, жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз, ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздың сөзді асырмаған елміз. Досымыздысақтай білген елміз, дәм-тұзды аяқтай білген елміз, асқақтаған хан болса, хан ордасын таптай білген елміз. Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса, күң боламын деп тумайды. Ұл мен қызды қаматып отыра алмайтын елміз. Сен қалмақ та, біз қазақ, қарпысқалы келгенбіз. Қазақ, қалмақ баласы, табысқалы келгенбіз. Танымайтын жат елге танысқалы келгенбіз. Танысуға көнбесең, шабысқалы келгенбіз. Сен қабылан да, біз арыстан, алысқалы келгенбіз. Жаңа үйреткен жас тұлпар жарысқалы келгенбіз. Тұтқыр сары желімбіз, жабысқалы келгенбіз. Сен темір де, біз — көмір, еріткелі келгенбіз. Екі еліктің лағын теліткелі келгенбіз, егесетін ер шықса иілткелі келгенбіз. Берсең жөндеп бітіміңді айт, не тұрысатын жеріңді айт, - деп, келбетті келген жас бала сұңқардай саңқылдаған даусымен түйдекті, жалынды сөздерді меруерттей тізіп, бұршақтай жаудырыпты.
— Балам, атың кім? — дейді сонда Қалдан Бошақту.
— Атым — Қазыбек, әкем — Келдібек би. Ұлтым — қазақ, руым — қаракесек, — деп жауап беріпті.
— Ендеше, даусың қаздың даусындай қаңқылдап шығады екен, есімің Қаз дауысты Қазыбек боп қайта жаңғырсың — деп, оның қанаты бар тұлпар, өркеші бар нар, заңғары бар тау екендігін қабылан түсті қонтайшы түсініп, түсі жылып, шыбықтай иіліпті.
Сонымен екі жақ бітімшілік, бейбітшілікке уағдаласады.
Уыздай жас Қаз дауысты Қазыбектің тапқырлығы мен алғырлығы, зерделілігі мен саналылығы, батырлығы мен батылдығы арқасында қазақ елшілерінің жорытқанда жолы болып, айы оңынаң туып, атамекеніне қанаттанып қайтады.