Қазақстан Республикасының Қаржы мониторингі агенттігі онлайн-казиноларға қызмет көрсететін трансшекаралық дропперлік желі құрған күдікті қылмыстық топтардың әрекетін тоқтатты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
«Процессинг-трейдерлер Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан азаматтарының банк шоттарын пайдаланып, аталған „дроп-фермаларды“ ұйымдастырғаны анықталды. Қазақстанға келген шетелдік азаматтарға ЖСН, SIM-карта және банк шоты рәсімделіп, кейін банк қосымшалары авторизацияланған мобильді құрылғылар дроповодтарға берілген», — делінген Қаржы мониторингі агенттігінің ресми Telegram-арнасында.
Ведомствоның дерегінше, қаржы ағындарын басқару үшін ойыншылардың төлемдерін қабылдап, оларды автоматты түрде танып, ұтыстарды төлеуді қамтамасыз ететін P2P-платформа қолданылған. Схемаға қатысушылар арасындағы өзара есеп айырысулар криптовалютамен де жүргізілген.
Түркістан облысы мен Алматыда 89 қазақстандық банк картасын пайдаланған Өзбекстанның үш азаматы ұсталды. Олардан 20 дроп-телефон тәркіленді. Бақылаудағы карталар бойынша операция көлемі 500 млн теңгені құрады.
Тағы бір күдікті трансшекаралық топ Жамбыл облысында жойылды. Оның қатысушылары Тараз бен Алматыда дропперлік инфрақұрылым құрып, схемаға Қырғызстан мен Өзбекстан азаматтарын, оның ішінде кәмелетке толмағандарды тартқан.
Тінту барысында 180 банк картасы, 15 дроп-телефон, 26 SIM-карта, 50 мың АҚШ доллары, 27 мың USDT, төрт көлік, қару мен оқ-дәрі тәркіленді. Карталар бойынша кіріс айналымы 9,8 млрд теңгеден асты.
Бес күдіктіге қатысты сот қамауға алуға санкция берді. Тергеу жалғасуда.


