- 25 сәу. 2015 00:00
- 317
Қолөнер - зор өнер (1)
"Шебердің қолы алтын", - дейді атам қазақ. Сөзге де шебер, іске де ұста халқымыздың зор мәдениеті мен өнерін паш ететін құндылықтарының бірі - оның қолөнері. Ағаштан, темірден түйін түйген, жүннен көз жауын алатындай бұйым жасаған, асыл тастардан сән бұйымдарын соққан, сүйек пен мүйізді, шиді қиынынан қиыстырған халық шеберлерінің ісі - мақтауға тұратын өнер туындысы.
Қолөнер - халықтың өз қолымен жасайтын, ұлттық мәдениет пен өнер туындысы
Дәуіт - пайғамбар, ұсталар мен шеберлердің пірі.
Ұста - темірден заттар жасайтын шебер.
Зергер - асыл тастардан, алтын, күмістен бұйымдар жасайтын шебер.
Тігінші - киім тігетін шебер.
Етікші - аяқ киімдер тігетін шебер.
Үйші - киіз үй сүйектерін жасайтын шебер.
Өрімші - қайыстан ат әбзелдерін жасайтын шебер.
Ерші - ер шабатын, шеберлер тілімен айтқанда "ер қосатын" адам.
Ағаш шебері - ағаштан заттар жасайтын шебер.
Бәдізші - тастан түрлі пішіндер, заттар жасайтын шебер.
Тоқымашы - тоқыма бұйымдарын жасайтын шебер.
Миясар - өнердің бірнеше түрін игерген шебер.
Ара - ағаш, темір кесетін тісті аспап.
Асқақ темір - бір аяғы ұзын, бір аяғы қысқа циркуль тәріздес өлшеуіш, әрі ою салатын құрал.
Бақауыз - темірді соққанда ұстайтын тіссіз аспап.
Балға - соғатын, қағатын аспап.
Бұрғы - ағаш тесетін құрал.
Біз (бігіз) - етікші құралы.
Білтегіш - тоқымашының тоқу құралы.
Жонғы - ағаш қабығын жонатын құрал.
Ине - тігін құралы.
Жуалдыз - үлкен ине.
Көземел ине - көзі үлкен ине.
Инелік - ағаштан, сүйектен жасалған ау тоқитын құрал.
Тебен - қалың бұйымдар (текемет, киіз) тігетін үлкен әрі жуан ине.
Егеу - темір егейтін құрал.
Мәймөңке - ұшы қисық ине. Терме жібін теретін қайқыбас кішкентай ағаш.
Сыдырғыш - өрімшінің өрімді тегістейтін сүйектен, қатты ағаштан жасалған құралы.
Сабау - жүн сабайтын ұзынша жіңішке ағаш.
Сояу - талдырма киіздерді жөрмейтін, тігетін сүйектен, ағаштан жасалған иненің бір түрі.
Сүргі - терінің көк етін алатын, ағашты тегістеп өңдейтін құрал.
Кескір - темір кесетін құрал.
Көрік - ұстаның шоқ үрлейтін құралы.
Кемпірауыз - қышқаштың бір түрі, ұста құралы.
Қышқаш - өңделетін, жасалатын затты тістеп тұратын құрал.
Қайрақ - құралдарды өткірлеу үшін оның жүзін қайрайтын тас.