- 16 мам. 2015 00:00
- 286
Қолөнер - зор өнер (3)
"Шебердің қолы алтын", - дейді атам қазақ. Сөзге де шебер, іске де ұста халқымыздың зор мәдениеті мен өнерін паш ететін құндылықтарының бірі - оның қолөнері. Ағаштан, темірден түйін түйген, жүннен көз жауын алатындай бұйым жасаған, асыл тастардан сән бұйымдарын соққан, сүйек пен мүйізді, шиді қиынынан қиыстырған халық шеберлерінің ісі - мақтауға тұратын өнер туындысы.
Өрмек - алаша, басқұр, қоржын т.б. тоқитын көптеген бөліктерден тұратын күрделі тоқыма құралы.
Термелі өрмек - кілем тоқитын құрал. Бұған, жалпақ тоқыма бұйымдары тоқылады.
Жәй өрмек - енсіз құр, бау, терме, басқұр сияқты бұйымдар тоқитын құрал. Ол бірнеше бөліктерден тұрады.
Қазық - желі және өрмек өрісі үшін қажет қазықтар.
Кергіш қазық - өрмек өрісін алдыңғы жағынан керіп тұратын қазық.
Күйеу қазық - "жетім қазық", өрмекті арт жағынан керіп тұратын қазық.
Мосы - арқалықты көтеріп тұратын үш бұтты құрал.
Адарғы - өрмек ерісінің астыңғы және үстіңгі беттерін айқастыратын ағаш құрал.
Серу ағаш - өрмек өрісі енін, жіптерін бірдей етіп ұстап тұратын құрал.
Жүгіртпе - арқау жібін өткізіп тұратын құрал.
Қылыш - адарғыдан кейін арқау жібін тығыздайтын қылыш тәрізді ағаш.
Бақылау жіп - өріс жіптері шатыспау үшін қолданылатын бөлек жіп.
Тергіш - өрнек шығару үшін түрлі түсті жіптерді теретін (іріктейтін) ағаш құрал.
Еркек жіп - күзуде тұрған желі жіптерінің үстіңгі беті.
Ұрғашы жіп - астыңғы беті.
Шатыс - еркек және ұрғашы жіптердің адарғы арқылы айқасуы.
Тарту жіп - күзуді қозғалмау үшін қатты тартып, бекітіп қоятын мықты жіп.
Арқау - тергіштен кейін шатысты ұстап қалатын, жүгіртпеге оралған арқау жіп.
Алқа - омырауға тағатын, көбінесе күмістен соғылатын әйелдердің сәндік, әсемдік бұйымы.
Білезік - білекке салатын, күмістен, алтыннан соғылатын әйел бұйымы. Жасалуына қарай алтын білезік, күміс білезік, құйма білезік, сағат білезік, топсалы білезік, бұрама білезік, қос білезік т.б. атаулары бар.
Бес білезік - алтын, күмістен, асыл тастардан көз орнатылған, күміс шынжыр арқылы бес сақина бекітілген аса қымбат білезік.
Балдақ - алтыннан, күмістен соғылған жұмыр сақина.
Жүзік - қымбат тастардан көз орнатылған жалпақ сақина. Оның еркектер де, әйелдер де тағатын түрлері болады.
Моншақ - түрлі тастар мен шыныдан жасалған, жіпке тізілген, мойынға, қолға салатын, киімге тағатын сән бұйымы.
Талмоншақ - бірнеше қатар тізілетін моншақтар.
Тұмарша - сәндік үшін омырауға тағатын үшбұрышты, салпыншақты күміс бұйым.
Маңдайша - сәукеле т.б. киім маңдайына тағатын, көз орнатылған күміс бұйым.
Сақина - саусаққа салатын, әртүрлі үлгіде күмістен, алтыннан т.б. металдан соғылатын бұйым.
Танакөз - шар тәрізді күміске тастан көз орнатылған түйме тәрізді сәндік бұйым.
Өңіржиек - салпыншақтар тағып, үзбелеп жалғаған, омырауға сән беретін, түрлі түсті тастардан көз орнатылған әсемдік алқалар тізбесі.