Қонаев қаласындағы аралас жекпе-жек (ММА) жаттықтырушысын кәмелетке толмаған шәкірттерін жыныстық азғызумен айыптап отыр. Ұсталған азаматтың отбасы мен қорғаушылары айыптауды мүлдем жоққа шығарып, полиция қылмыстық істің барысына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Astana.tv телеарнасының дерегінше, жаттықтырушы бірнеше кәмелетке толмаған шәкіртін азғызды деп айыпталуда. Кейбір ата-аналардың тұжырымынша, заңсыз әрекеттер Қонаев қаласындағы спорт залында болған.

Төрт кәмелетке толмаған қыздың ата-аналарының айтуынша, болжамды оқиға кезінде қыздар 10 мен 13 жас аралығында болған. Аналар құқыққа қайшы әрекеттер спорт залында, көлікте және басқа да жерлерде болғанын алға тартып отыр. Олар объективті тергеу жүргізуді талап етіп, ер адамды қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етуде.

«Біз сеніп тапсырған кәмелетке толмаған балаларымыз жыныстық азғызуға ұшырады. Бұл жай сөз емес, олардың балалығын және болашаққа деген сенімін қиратқан қорқынышты шындық. Бірнеше ай бойы балаларға қатысты бетпе-бет кездесулер, психологиялық сараптамалар жүргізілді», — дейді балалардың ата-аналары.

Қарсы тараптың оқиғаға қатысты өз нұсқасы бар. Осы спорт залында әкімші болып жұмыс істейтін ұсталған азаматтың жұбайы күйеуінің кінәсіз екенін айтады. Оның сөзінше, арыздар тәртіпке байланысты жанжалдың салдарынан туындауы мүмкін. Ол қыздардың жаттығудан шеттетіліп, жарыстарға жіберілмегенін айтады.

«Менің жұбайым көптеген баланы жаттықтырып, әлем және Азия чемпиондарын тәрбиелеп шығарды, сол кезде халықаралық жарыстарға дайындалуы тиіс еді. Бірақ арыз жазған қыздар залда үнемі күліп, кешігіп келетін, кейде жаттығуды мүлдем қалдыратын. Жұбайым оларға бір апта келмеңдер деген. Осыған ренжіген болуы мүмкін деп ойлаймыз», — деді өз пікірін Алтынай Кәлепова.

Алтынай Кәлепованың айтуынша, күйеуі бірнеше рет 72 сағатқа ұсталып, кейін босатылған. Ол бұл одан әрі ұстауға жеткілікті негіздердің болмауына байланысты болғанын айтады. Қазір жағдай өзгерген. 6 қазанда сот ер адамды екі айға қамауға алуға санкция берді. Ұсталған азаматтың адвокаттары оны босатуды талап етуде. Олардың пікірінше, ер адамның әрекеттерінде қылмыс құрамы жоқ. Қорғаушы тарап кінәнің дәлелі болған жағдайда жаттықтырушы бұрын жауапкершілікке тартылар еді деп есептейді.

Полиция қылмыстық іс аясында қажетті тергеу әрекеттері жалғасып жатқанын хабарлады.

«Қылмыстық іс аясында болған оқиғаның мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. 6 қазанда күдікті соттың санкциясымен 2 айға қамауға алынды. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды», — деп түсініктеме берді Алматы облысы полиция департаментінің ресми өкілі Ернар Сайдильдин.

Енді істің мән-жайына түпкілікті бағаны тергеу мен сот беретін болады. Әзірге екі тарап та сотқа дейінгі тергеудің аяқталуын күтіп отыр.