Қостанайда 21 жастағы жергілікті тұрғын жолдың үстінде әдейі дрифт жасап, шиналарымен жол төсемін бүлдірді. Ол дереу қамауға алынды — болған оқиға туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Қостанай облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, облыс орталығында жолда дрифт жасаған жүргізуші 15 тәулікке қамауға алынды.
«Полицейлер бейнебақылау камераларының көмегімен жолдың үстінде әдейі дрифт жасаған жүргізушіні анықтады. Осы маневрлердің салдарынан жол төсемінде автокөлік шиналарының іздері қалып, беткі қабаты бүлінді. Бұзушы анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Ол Қостанай қаласының 21 жастағы тұрғыны М. Б. болып шықты», — деді департаментте.
Полиция дерегінше, жыл басынан бері ол жол жүру ережелерін бұзғаны үшін 16 рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар бұрын ұсақ бұзақылық үшін бір рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Сот шешімімен оған 15 тәулік қамау түріндегі әкімшілік жаза тағайындалды. Жол төсемінің бүліну салдары жойылды.


