Қостанайда мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сот «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына қатысты әрекеттерді даулау туралы талап қоюды қарады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қостанай облысы соттарының ресми Telegram-арнасында хабарланғандай, сот жауапкердің «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды (ауыртпалықтарды) мемлекеттік тіркеу» мемлекеттік қызметін алу үшін құжаттарды қабылдаудан бас тартқанын анықтады.
Бас тартуға атқарушылық іс жүргізу нәтижесінде салынған ауыртпалықтардың болуы себеп болған.
Алайда бұл жағдайда «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Заңның 31-бабының 1-1-тармағының 5-тармақшасында көзделген норма қолданылуға тиіс еді. Аталған нормаға сәйкес, ортақ мүліктегі үлеске құқықты тіркеу кезінде мемлекеттік тіркеуді немесе өзге де мемлекеттік тіркеу объектісін болдырмайтын ауыртпалықтар болған жағдайда құқықты тіркеуден бас тарту қолданылмайды.
Істі қарау барысында тараптар медиация рәсімін пайдаланып, дауды реттеу туралы келісімге келді.
Келісім шарттарына сәйкес, талап қоюшы медиативтік келісімді бекіту туралы сот ұйғарымы заңды күшіне енген сәттен бастап 5 жұмыс күні ішінде жылжымайтын мүлік объектісі орналасқан жердегі КЕАҚ-қа заңнамада көзделген құжаттардың толық топтамасын қоса бере отырып, «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды (ауыртпалықтарды) мемлекеттік тіркеу» мемлекеттік қызметін көрсету туралы өтінішпен жүгінуге міндеттенеді.
Өз кезегінде «Азаматтарға арналған үкімет» МК» КЕАҚ өтінішті қабылдап, тиісті мемлекеттік қызметті көрсетуге міндеттенеді.
Медиативтік келісім сот ұйғарымымен бекітілді.


