Қостанайда дәрігерлер мүмкін емес істі тындырды: денесінен 27 мың вольттан астам ток өткен 15 жасар баланың өмірін сақтап қалды. Оқиға жасөспірімнің әдемі суретке түсу үшін теміржол вагонына шығуы кезінде болған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қостанай облыстық балалар ауруханасының травматолог-ортопеді Мирас Елжасовтың айтуынша, оқиға 25 маусымда болған. Бала ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілген.

«Ол теміржол вагонына шығып, әлеуметтік желіге салу үшін суретке түскісі келген. Соның салдарынан электр жарақатын алып, денесінің 60 пайызынан астамы қатты күйік шалған. Оны дереу реанимация бөліміне жатқызды, онда бір жарым ай жатты. Бақытымызға орай, қол-аяғын сақтап қалуға мүмкіндік туды», — деді Елжасов.

Дәрігердің айтуынша, әлемдік және республикалық статистикаға сәйкес, мұндай жарақат алған балалардың 90 пайызы алғашқы аптада көз жұмады, алайда бұл жасөспірім аман қалды. Жақында оны реанимациядан жай палатаға ауыстырды.

Баланың әжесі көз жасын тыя алмай, сол күні оған полиция қызметкерлері қоңырау шалып, қайғылы жағдайды хабарлағанын айтты. Ол бұл телефон алаяқтары деп ойлап, түтікті тастаған. Бірақ бірнеше минуттан кейін бақытсыздықтың шынымен де олардың үйіне келгенін түсінген.

Жасөспірімнің өзі де сол күнгі оқиғаны еске алып: «Біз достарыммен үйге қысқа жолмен баруды жөн көріп, теміржолмен жүрдік. Пойызды көріп, суретке түсу идеясы келді. Мен вагонның төбесіне отырдым, досым мені суретке түсірді. Кейін не болғанын маған досым айтып берді. Мен тұрғанда электр доғасы соқты. Соның салдарынан секіріп, 2 метрге ұшып кеттім. Есімнен танып қалдым, есіме келгенде үйге барғым келді, бірақ жедел жәрдем дәрігерлері ауырсынуды басатын дәрі егіп, ауруханаға апарды. Қабылдау бөлімінде бәрінің маған үлкен көзбен қарағаны есімде, содан кейін есімнен танып қалдым», — деді.

Басылымның мәліметінше, сол сурет сақталып қалған, тіпті бала оны әлеуметтік желіге жариялаған. Дәрігерлердің өмірді сақтау жолындағы ауыр жұмысы бір жарым айға созылды. Жасөспірім журналистерге таңдаған мамандығын өзгертуге шешім қабылдағанын айтты: оқиғадан екі күн бұрын 9-сынып түлегі электрик мамандығына құжат тапсырған еді. Енді ол медицина саласына барғысы келетінін айтты.