Қызылордада ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлімшесінің қызметкерлері ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетін тоқтатты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ішкі істер министрлігінің ақпараттық медиапорталы мәлім еткендей, жедел-іздестіру шараларының барысында Қызылордада топ мүшелері кәсіпкерлер мен азаматтардан күш қолданамыз деп қорқытып, ақша талап еткені анықталды. Сонымен қатар олар бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатқандарға көмек көрсету сылтауымен «ортақ қор» жинаумен айналысқан.
Тергеу барысында құқыққа қарсы әрекеттің көптеген эпизоды құжатталды, санкцияланған тінту жүргізіліп, оның нәтижесінде травматикалық және пневматикалық қару, оқ-дәрі, ақша қаражаты, сондай-ақ өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленді.
Жәбірленушілер мен куәгерлердің жауаптары алынып, топтың қылмыстық әрекетін растайтын банктік аударымдар мен цифрлық дәлелдемелер зерттелді.
Ақша талап ету, қаруды заңсыз сақтау, бұзақылық және ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысу фактілері бойынша бірқатар қылмыстық іс тіркелді. Күдікті ретінде сегіз адам тартылып, олардың көбісіне қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Сотқа дейінгі тергеу аяқталған соң қылмыстық іс сотқа жіберілді. Сот үкімімен ұйымдасқан қылмыстық топтың ұйымдастырушысы мен оның белсенді қатысушылары әртүрлі мерзімге — 4 жылдан 11 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енді.


