Мадридтік «Реал» футболшысы Рауль Асенсио мас күйінде көлік жүргізгені үшін жазаға тартылды: оған ірі көлемде айыппұл салынып, жүргізуші куәлігінен уақытша айырылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

РИА Новости Спорттың испандық Canarias7 газетіне сілтеме жасап хабарлауынша, оқиға 16 тамызда Гран-Канария аралының оңтүстігінде болған. 23 жастағы спортшы Porsche көлігін басқарып келе жатып, полиция тоқтатқан. Тексеру кезінде оның демінен 0,90 мг/л алкоголь анықталған, бұл рұқсат етілген 0,25 мг/л нормадан айтарлықтай жоғары.

Мас күйінде көлік жүргізгені үшін сот Асенсионы 14,4 мың еуро (7 миллион теңгеден астам) айыппұл төлеуге және 8 айға жүргізуші куәлігінен айыруға үкім шығарды.

Сонымен қатар, алдағы күндері футболшы 2023 жылғы оқиғаға байланысты тағы бір іс бойынша сот алдына барады. Тергеу нұсқасы бойынша, «Реалдың» үш тәрбиеленушісі Канар аралдарындағы қонақүйде екі қызбен болған жақын кездесуді бейнежазбаға түсіріп, кейін бұл материалдарды қатысушылардың келісімінсіз таратқан. Түсірілім кезінде қыздардың бірі 16 жаста болған.

Іс материалдары бойынша, Асенсио кездесуге қатыспаған, алайда басқа қатысушылардан бейнежазбаны сұрап алып, оны үшінші тұлғаларға көрсеткен, содан кейін файлды жойған. Испания прокуратурасы бұған дейін сотқа айыптау қорытындысын жолдап, Асенсионы жеке өмірге қолсұғылмаушылықты бұзды деп 2,5 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Қалған үш айыпталушыға кәмелетке толмағанның қатысуымен порнографиялық материалдар таратқаны үшін 4 жыл 7 айға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қауіп төніп тұр.

Рауль Асенсио — «Реал» академиясының түлегі, негізгі құрамда 2024 жылы дебют жасаған.