Республика күні қазақстандықтарға қатарынан үш демалыс күнін сыйлайды. Алайда ауысыммен жұмыс істейтіндер мерекеде де еңбек етуге мәжбүр. Мереке күні жұмыс қалай төленуі тиіс? Еңбек кодексінің нормаларын талдап көрейік, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 85 және 109-баптарына сәйкес, демалыс және мереке күндеріндегі жұмыс үшін қызметкердің қалауы бойынша оған басқа демалыс күні беріледі немесе күндік не сағаттық мөлшерлемеден кемінде 1,5 есе жоғары мөлшерде қосымша ақы төленеді.

Сонымен қатар, жүкті әйелдерге, жұмыс берушіге анықтама ұсынғандарға, сондай-ақ кәмелетке толмағандар мен мүгедектігі бар адамдарға демалыс және мереке күндері жұмысқа тартуға тыйым салынады.

Бұдан бөлек, ауысымдық немесе вахталық әдіспен жұмыс істейтін қызметкерлерді мереке және демалыс күндері жұмысқа тарту үшін олардың жазбаша келісімі талап етілмейді, егер бұл күндер бекітілген кесте бойынша олардың жұмыс ауысымына сәйкес келсе. Ал кәдімгі бес немесе алты күндік жұмыс аптасы бар қызметкерлер үшін жазбаша келісім міндетті.

Алайда жұмыс беруші кез келген қызметкерді демалыс және мереке күндері оның келісімінсіз мынадай форс-мажорлық жағдайларда жұмысқа тартуға құқылы: төтенше жағдайды, дүлей зілзаланы немесе өндірістік апатты болдырмау не олардың салдарын дереу жою үшін; еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды, адам өлімін немесе мүліктің бүлінуін болдырмау және тергеу үшін; ұйымның немесе оның жекелеген бөлімшелерінің болашақта қалыпты жұмысы орындалуына тәуелді шұғыл, алдын ала жоспарланбаған жұмыстарды орындау үшін.

Қазақстандықтар Республика күнін қалай демалысады? Бес күндік жұмыс аптасында: қатарынан үш күн — 24, 25 және 26 қазан (сенбі, жексенбі және дүйсенбі). Алты күндік жұмыс аптасында: қатарынан екі күн — 24 және 25 қазан (сенбі және жексенбі). Жалпы алғанда, күздің екінші айында бес күндікте 10 демалыс күні, алты күндікте бар болғаны алты демалыс күні болады.

Бұған дейін «Курсив» былтыр да Республика күні қазақстандықтардың демалысын ұзартқанын жазған болатын. 2024 жылы мереке жұма күніне түсіп, азаматтарға үш күндік демалыс сыйласа, 2023 жылы сәрсенбіге түсіп, жұмыс аптасының ортасында бір күндік үзіліс берді.