Шығыс Қазақстан облысында Риддер қаласының орталығына жуық жерде жергілікті тұрғындар ана аю мен қонжықты байқап, бейнеге түсіріп алды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Өткен түні куәгерлер Лазо көшесіндегі жеке үйдің ауласында ана аю мен қонжықтың жүргенін бейнеге жазып алған. Аюларға қарсы ит шыққан соң, олар дереу қашуға асықты. Олар қоршаудан асып түсіп, кейін бір дүкеннің жанында көрінген.
«Біз полиция шақырдық», — дейді куәгерлер.
Қалалық чаттарда таңертең басқа да хабарламалар пайда болды. Атап айтқанда, Риддер тұрғыны таңғы сағат 4-те Семей көшесінде екі аюды көргенін айтқан. Бұл аудан Тәуелсіздік даңғылы мен Республика алаңына жақын, яғни қаланың орталығына жуық жерде орналасқан.
Тағы бір бейнедәлел Базарная көшесінен келді. Куәгерлер жаңа №12 мектепке қарай бет алғанда аюларды көрген. Кадрларға қарағанда, бұл сол ана аю мен қонжық. Сондай-ақ, ана аюдың екі қонжықпен жүргенін көрсететін басқа да бейнелер пайда болды.
Бір күн бұрын риддерліктер аюларды Таловка ауданында көргенін хабарлады. Адамдар олардың іздері мен сынған қоршауларды суретке түсірген. Бұл аңдардың Риддерде әлі де жиі көрінетінін көрсетеді.
Шығыс Қазақстан облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының орман және аңшылық шаруашылығы жедел әрекет ету жасағының мамандары Риддерге келіп, жұмысқа кірісті. Инспекторлар аюлардың қозғалысын бақылап, оларды үркітіп, қаладан кетуге мәжбүрлейді.
«Риддерде ауа райы бұзылып, жақында қар жауады. Алғашқы қар түскен соң, аюлар індеріне жақындап, оларды дайындай бастайды. Екі аптадай күту керек, сонда аңдар тауға кетеді. Ал бір-бір жарым айдан кейін олар ұйқыға жатады», — деді орман және аңшылық шаруашылығы жедел әрекет ету жасағының бастығы Ермек Багланулы.


