Рудныйда жүргізуші «Каз 18 — Қостанай — Мамлютка» автожолына шығар жердегі тұрақта дрифт жасап, жол жабынын бүлдіріп, айыппұл төледі, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қостанай облысы полиция департаментінің мәліметінше, тұрақтағы дрифт Рудный тұрғынына 130 мың теңгеге түскен.

«Әлеуметтік желілерді мониторингтеу барысында полицейлер көлік жүргізушісінің «Каз 18 - Қостанай - Мамлютка» автожолына шығар жердегі тұрақта дрифт жасағаны түсірілген бейнені анықтады», — делінген хабарламада.

Полиция департаментінің дерегінше, жүргізушінің жеке басы анықталып, ол Рудныйдың 27 жастағы тұрғыны болып шықты. Тексеру кезінде ер адамның қауіпті маневрлер жасағаны ғана емес, жол жабынын да бүлдіргені белгілі болды.

Сонымен қатар оның көлік құралдарын басқару құқығы жоқ бола тұра, бір жыл ішінде қайтадан рөлге отырғаны анықталды. Бұған қоса, жүргізуші ұсақ бұзақылық жасағаны үшін сот арқылы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Тағайындалған айыппұлдардың жалпы сомасы 130 мың теңгені құрады.