Әлемнің екінші ракеткасы Елена Рыбакина АҚШ ашық теннис чемпионатында сенімді өнер көрсетіп, беделді турнирдің төртінші айналымына жолдама алды. Үшінші раундта қазақстандық спортшы әлемдік рейтингтің 58-сатысында тұрған украиналық Юлия Стародубцеваны 7:6 (8:6), 6:3 есебімен ұтты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

1 сағат 52 минутқа созылған бәсеке Рыбакинаға оңайға соққан жоқ. Бірінші партияда теннисшілер тең ойын көрсетіп, тай-брейкке дейін жетті. Онда сәттілік қазақстандық тарапта болды — 8:6. Екінші сетте Елена қабылдауда басымдыққа ие болып, кездесуді 6:3 есебімен сенімді аяқтады.

Матч статистикасы Рыбакинаның күшті сервисін көрсетеді: оның еншісінде 12 эйс, ал қосарланған қателік тек біреу ғана. Қазақстандық бірінші подачадағы 34 розыгрыштың 28-ін ұтып, 82 пайыз нәтиже көрсетті. Стародубцева болса, небәрі бір рет эйс жасап, үш рет қосарланған қателік жіберді.

Рыбакинаның белсенді ұтыс ойындарындағы басымдығы ерекше байқалды — 33 виннерге қарсы қарсыласында 8 ғана. Ал еріксіз қателіктерде қазақстандық 30 рет, украиналық 14 рет қателесті. Елена 13 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланса, Стародубцева үшеудің екеуін ғана іске асырды. Жалпы ұпай саны бойынша да әлемнің екінші ракеткасы қарсыласынан басым түсті — 81:68.

Бұл жеңіс Рыбакина үшін Roland Garros-2026-дағы сәтсіздік үшін реванш болды. Онда Стародубцева екінші айналымда қазақстандықты 3:6, 6:1, 7:6 (7:4) есебімен сенсациялық түрде ұтқан еді. Париждегі кездесуге дейін украиналық теннисші әлемдік ондықтағы ойыншыларды ешқашан жеңбеген болатын.

Төртінші айналымға шығу Рыбакинаға US Open-дағы өзінің үздік нәтижесін қайталауға мүмкіндік берді. Бұл көрсеткішке ол алғаш рет өткен маусымда қол жеткізген еді.

1/8 финалда Елена «Үлкен дулыға» турнирлерінің төрт дүркін жеңімпазы Наоми Осакамен (13) кездеседі. Жапониялық теннисші үшінші айналымда Элизе Мертенсті (20) 6:3, 3:6, 7:5 есебімен ұтты. Тамыз айында Торонтодағы турнирде Рыбакина Осаканы үш сетте жеңген болатын.

АҚШ ашық теннис чемпионаты — хардта өтетін жыл сайынғы «Үлкен дулыға» турнирі, мейджорлар маусымын аяқтайды. Алғаш рет 1881 жылы тамызда өткізілген US Open, микс турнирінің кейінге шегерілуіне байланысты екінші жыл қатарынан бір апта ерте басталады. Жарыстың жалпы жүлде қоры мейджорлар үшін рекордтық 108 миллион долларды құрайды. 1978 жылдан бері матчтар Нью-Йорктегі Билли Джин Кинг атындағы Ұлттық теннис орталығында өтеді.

Ерлер арасында қазіргі чемпион — испаниялық Карлос Алькарас (3). Ол өткен жылғы финалда Янник Синнерді 6:2, 3:6, 6:1, 6:4 есебімен жеңген еді. Әлемнің бірінші ракеткасы италиялық теннисші тізе жарақатына байланысты US Open-2026-дан бас тартты. Әйелдер арасында 2025 жылғы жеңімпаз — беларусь Арина Соболенко. Ол шешуші матчта америкалық Аманда Анисимованы 6:3, 7:6 (7:3) есебімен ұтқан.