Әлемнің бірінші ракеткасы, қазақстандық теннисші Елена Рыбакина ағымдағы маусымда қарсыластарынан да көп жүлде ақысын тапты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Сарапшылар 2026 жылғы маусымның ең көп табыс тапқан теннисшілерінің рейтингін жасады. Рыбакина жалпы есепте үздік үштікке еніп, 10,8 млн доллар тапты. Қазақстандық теннисшіден жоғары тек Германия өкілі Александр Зверев (14,7 млн) мен итальяндық Янник Синнер (11,5 млн) тұр.

Әйелдер арасында Елена көш бастап тұр. Айта кетейік, соманың басым бөлігі төрт Үлкен дулыға турнирінің ішіндегі ең ірі жүлде қорын ұсынатын АҚШ ашық чемпионатындағы жеңісінен келген.

Жалпы биыл 50 теннисші — 23 әйел және 27 ер адам — кортта кемінде 2 млн доллар тапты. Ойыншылардың ірі жүлде алуына келесі мүмкіндік қарашада ATP қорытынды турнирі мен WTA қорытынды турнирінде туады.

Бұған дейін әлемнің бірінші ракеткасы Елена Рыбакинаның 2026 жылғы АҚШ ашық чемпионатында қанша тапқаны белгілі болғанын хабарлағанбыз. Сондай-ақ қазақстандық US Open-дағы тарихи жеңісінен кейін салықтарға байланысты миллиондарынан айырылуы мүмкін екенін жазғанбыз.