Серена мен Винус Уильямспен жұмыс істеген американдық теннис жаттықтырушысы Рик Маччи Елена Рыбакинаның «Үлкен дулыға» турнирлерінде жеңіске жетуіне және әлемдік рейтингтің бірінші сатысына көтерілуіне мүмкіндік берген үш қасиетін атады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Маман бірінші артықшылық деп артқы сызықтағы соққылардың сапасын санайды. Маччи қазақстандық теннисшінің форхенді мен бэкхендін ерекше атап, ұстаудың салыстырмалы қарапайым техникасы арқылы артық қозғалыссыз қуат өндіруге мүмкіндік алатынын жеткізді.

«Рыбакина WTA турындағы үш маңызды критерийге сай келеді, осының өзі «Үлкен дулыға» турнирлерінде жеңіске жетіп, әлемнің бірінші ракеткасы атануға жеткілікті. Біріншіден, ол допты элиталық деңгейде таза соғады. Оның басты козырьлері – форхенд пен бэкхенд, ал қарапайым ұстаулар қуатты оңай жасауға мүмкіндік береді», – деп жазды Маччи Х әлеуметтік желісінде.

Екінші фактор ретінде америкалық маман Рыбакинаның берісін атады. Оның бағасынша, оның қозғалысы биомеханика тұрғысынан іс жүзінде мінсіз құрылған.

«Оның берісі биомеханикалық тұрғыдан іс жүзінде мінсіз – аяқ жұмысынан бастап. Қармау кезінде ракетка үнемі оң жақ жауырынның қасынан өтеді, соның арқасында қарапайым, қайталанатын және оңтайлы лақтыру қозғалысы шығады», – деп атап өтті жаттықтырушы.

Үшінші артықшылық деп Маччи қазақстандық теннисшінің психологиясын санайды. Ол оның сабырлығын және бұл ретте матч барысында қажетті қарқындылықты сақтай алатынын ерекшеледі.

«Оның ойлауы – салқынқанды, сабырлы және жинақы, бірақ сонымен бірге ол қуатты күйде қалады. Көп уақытта ол барынша тиімділік үшін мінсіз күйде болады», – деп қосты маман.

Маччидің айтуынша, осы қасиеттердің үйлесімі Рыбакинаның өзіндік «табыс формуласына» айналған, ал әлемнің бірінші ракеткасы мәртебесі оның сенімділігін одан әрі арттырады.

Рик Маччи – американдық теннис жаттықтырушысы, USPTA даңқ залының мүшесі. Мансабының әр кезеңінде ол Серена мен Винус Уильямспен, Энди Роддикпен, Дженнифер Каприатимен және Мария Шараповамен жұмыс істеген – осы бесеуі кейін әлемнің бірінші ракеткасы атанды. Маччи сондай-ақ жаттықтырушылық жұмысы үшін USPTA наградаларын бірнеше рет алған.

Еске салайық, US Open-2026 финалында Рыбакина Арина Соболенконы 6:4, 5:7, 6:2 есебімен жеңді. Бұл титул 27 жастағы спортшы үшін US Open-тегі алғашқы, ал «Үлкен дулыға» турнирлеріндегі Уимблдон-2022 мен Australian Open-2026 кейінгі үшінші титулы болды.