Алматыда Халықаралық коньки тебу одағы (ISU) қамқорлығымен өтетін «Челленджер» сериясындағы Денис Тен мемориалының жарыс бөлігі басталды. Жекелей сырғанаудағы қысқа бағдарламада 2022 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Александра Игнатова (бұрынғы Трусова) үздік нәтиже көрсетті: бейтарап мәртебеде сырғанап жүрген ресейлік спортшы 77,39 ұпай жинады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Екінші орынды Оңтүстік Кореядан келген Ким Юджэ 75,99 ұпаймен иеленді. Үздік үштікті қазақстандық Софья Самоделкина 69,45 ұпаймен түйіндеді. Ол қос аксель, үш флип және қос лутц пен үш тулуптан тұратын каскад орындады.

Ұлттық құраманың қалған өкілдері турнир кестесінің екінші жартысында орналасты. Нурия Сүлеймен 13-ші, Арика Халимова — 14-ші, Амира Ирматова — 16-шы, Зере Сарбалина — 17-ші, Амина Алексеева — 19-шы болды.

Ерлер арасындағы жекелей сырғанауда Қазақстан атынан тек Диас Жиренбаев өнер көрсетті. Қысқа бағдарламада ол 66,11 ұпай жинап, жетінші орынға тұрақтады. Сырғанаушы аксельді сәтсіз орындап, элементсіз қалды, содан кейін үш флип пен қос лутцтан және үш тулуптан тұратын каскадты қателікпен жасады.

Ерлер арасындағы алғашқы үш орынды ресейліктер иеленді. Көшбасшы Владислав Дикиджи (107,31) болды, екінші орынды Глеб Лутфуллин (95,79), үшінші орынды Пётр Гуменник (80,63) алды.