ҰБТ-дан жоғары балл жинаған қазақстандық түлектер экономика қажеттілігін ескермей мамандық таңдағандықтан грант ала алмайды. Бұл туралы үкімет отырысында ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Оның айтуынша, Қазақстанның жоғары оқу орындарына гранттар тек мемлекетке қажет мамандықтарға ғана беріледі.
«Егер қандай да бір мамандық бойынша оқуға ішкі тілек болса, ақылы не тегін оқуға болады. Тегін оқысаң, тілегіңді мемлекет тілегімен салыстыру керек. Өйткені біз экономиканың дамуы аясында ойлауымыз керек», — деді ол.
Осыған қарамастан, талапкерлер мемлекеттік тапсырыс аз бағыттарды таңдай береді. Мысалы, биыл заң мамандықтарына небәрі 200 грант бөлінді, себебі елге мұнша заңгер қажет емес. Дегенмен оларға 10-12 мың адам үміттенуде.
«Екінші аспект. Біз әлеуметтік мемлекетпіз, сондықтан квоталарымыз бар. Әлеуметтік осал топтар үшін жеке квоталар бар. Олар саны жағынан көп емес, бірақ бар. Біз тең емес жағдайдағы азаматтарымызға қамқорлық жасауымыз керек», — деп қосты Саясат Нұрбек.
Сонымен қатар, университеттердің өздері де тым көп студент қабылдай алмайды, себебі инфрақұрылым көтермейді.
«Университеттер: "Мен мұнша студентті оқыта алмаймын, сапасын жоғалтамын" дейді. Сондықтан тіпті жеке және ұлттық университеттер де өз балдарын қатаң көтере бастайды», — деп түйіндеді министр.
Бұған дейін «Курсив» Аймағамбетовтің грант берілетін қажетсіз мамандықтарды атағанын жазған еді.


