Семейде 45 жастағы ер адам азаматтарға «таныстарым арқылы көмектесемін» деп уәде беріп, бірнеше рет ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, төрт жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.

Абай облысы полиция департаментінің ресми Telegram-арнасында жазылғандай, айыптау үкімін Семейдің қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты шығарды.

«2020-2022 жылдары 45 жастағы ер адам азаматтардың сенімін теріс пайдаланып, түрлі сылтаумен олардың ақшасын иемденіп алғаны анықталды», — деді Абай облысы ПД-да.

Ол жәбірленушілердің біріне мемлекеттік бағдарламалар аясында тиімді бағамен пәтер алуға көмектесе алатын таныстары бар екенін айтқан. Одан ақша алып, шын мәнінде уәдесін орындауға ниеттенбеген.

Кейін көлік сатып алып, оны қайта сату, құрылыс материалдарын алу және өзге де мәселелерді шешу сылтауымен жәбірленушіден қайта ақша алған. Оған келтірілген шығынның жалпы сомасы 9 млн 820 мың теңгені құрады.

Тағы бір жәбірленушіге ер адам арзан бағамен жылжымайтын мүлік алуға, мүгедектік рәсімдеуге және мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғын үй кезегіне тұруға көмектесуге мүмкіндігі мен байланыстары бар екенін айтқан. Осы сылтаулармен ол жалпы сомасы 5 млн 280 мың теңге ақша алған.

Семейлік ер адамның кінәсі сотта зерттелген дәлелдердің жиынтығымен, оның ішінде жәбірленушілер мен куәгерлердің жауаптарымен, банктік аударымдар мен үзінді көшірмелермен расталды.

Сот оған 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Сонымен қатар сот жәбірленушілердің пайдасына тиісінше 9 млн 820 мың және 5 млн 130 мың теңге материалдық шығынды өндіріп алды (жалпы сомасы 14 млн 950 мың теңге).

Үкіммен сотталған адамнан жәбірленушілерді өтемақы қорына 20 АЕК — 61 260 теңге мөлшерінде мәжбүрлі төлем өндіріп алу да белгіленді.