Братиславада (Словакия) өтіп жатқан Challenger сериясындағы Ондрей Непела мемориалында ерлер арасындағы қысқа бағдарламадан кейін қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, 2026 жылғы Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров үшінші орында тұр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Төрешілер қазақстандықтың өнерін 95,98 баллға бағалады. Бұл — спортшының қысқа бағдарламадағы жаңа жеке рекорды. Олимпиадада оның осы түрдегі нәтижесі 92,94 балл болатын.

Турнирде көш бастап тұрған ресейлік Евгений Семененко (101,16 балл), екінші орында италиялық Даниэль Грассль (99,10 балл).

БАҚ жазғандай, Шайдоров төрттік лутц пен үштік тулуптан құралған күрделі каскадты, сондай-ақ үштік аксельді таза орындады. Кішкене қателік тек төрттік тулуптан қону кезінде ғана кетті.

Непела мемориалының түпкілікті қорытындысы мен медальдардың бөлінуі бүгін, 26 қыркүйекте, жекелеп сырғанаушылар өздерінің еркін бағдарламаларын көрсеткеннен кейін белгілі болады.

Бұған дейін «Курсив» Михаил Шайдоровтың атақты хореограф Ше-Линн Бурнмен жаңа бағдарлама бойынша жұмысқа кіріскенін жазған еді. Бурнмен ынтымақтастық Шайдоровтың жаңа жарыс цикліне дайындығының басты элементтерінің біріне айналуы мүмкін. Ол әлемдік мәнерлеп сырғанаудағы ең беделді хореографтардың бірі саналады және бірқатар жетекші мәнерлеп сырғанаушылармен жұмыс істеген.

Сонымен қатар бұған дейін Шайдоровқа 2026 жылғы Олимпиада ойындарындағы жеңісі үшін сыйақы 4 айдан кейін аударылғаны жазылған. Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдегендей, спортшы 250 мың доллар (шамамен 122 млн теңге) алды. Ақпанда алтын медаль үшін дәл осындай сыйақы мөлшері туралы көпшілік алдында айтылған болатын.