Қырғызстандық аралас жекпе-жек шебері Ражабали Шайдуллаев жапондық Rizin FF лигасының Осакадағы турнирінде тарихи жеңіске жетті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ол жартылай жеңіл салмақта (66 келіге дейін) Bellator-дың бұрынғы чемпионы американдық Эй Джей Маккимен кездесті. Жекпе-жек үш раундқа созылып, төрешілердің бірауыздан шешімімен аяқталды. Үш төреші де Шайдуллаевты 30:27 есебімен жеңімпаз деп таныды.
25 жастағы қырғызстандық кәсіби ММА-дағы 20 жекпе-жегінің бәрінде жеңіске жетті. Ол Rizin FF-тің жартылай жеңіл салмақтағы титулын төртінші рет қорғады. Сонымен қатар Шайдуллаев бос тұрған PFL белдігін де жеңіп алды. Қырғызстандық американдық промоушеннің жартылай жеңіл дивизионындағы тұңғыш чемпионы атанды.
Маккидің үш жеңісінен тұратын сериясы үзілді. Ол PFL титулына үміткер мәртебесін маусым айында қазақстандық Саламат Исбулаевты жеңген кезде алған болатын. 31 жастағы американдықтың есебінде қазір 25 жеңіс пен үш жеңіліс бар.
Сондай-ақ Осакадағы турнирде қазақстандық Қаршыға Даутбек те өнер көрсетті. Жартылай жеңіл салмақта ол жапондық Рен Хирамотоға бөлек шешіммен (28:29, 29:27, 28:29) жол берді.
32 жастағы Даутбек Rizin FF-те алғаш рет жеңілді. Оның есебінде қазір 19 жеңіс, төрт жеңіліс және нәтижесіз аяқталған бір жекпе-жек бар. 28 жастағы Хирамото үздік кикбоксшы ретінде танымал. Кәсіби ММА-да жапондықтың есебінде қазір бес жеңіс пен үш жеңіліс бар.


