Қазақстандық теннисші Александр Шевченко (әлемдегі 97-ракетка) АҚШ-тың ашық біріншілігіндегі өнерін бірінші айналымда-ақ аяқтады. Ол хорватиялық Дино Прижмичтен (101) жеңіліп қалды. 3 сағат 55 минутқа созылған матч хорватиялықтың пайдасына 2:6, 6:3, 6:3, 5:7, 7:5 есебімен аяқталды, деп хабарлайды infohub.kz.
Шевченко кездесуді сенімді бастап, бірінші сетті 6:2 есебімен ұтқан еді. Алайда кейін қарсыласына екі партияны қатарынан 3:6 есебімен беріп қойды. Төртінші сетте қазақстандық ойын барысын өзгерте алды: Прижмич матчқа подача жасап жатқанда, Шевченко кері брейк жасап, партияны 7:5 есебімен өз пайдасына шешті.
Шешуші бесінші сетте Шевченко екі матчболға ие болды, бірақ екеуін де пайдалана алмады. Соңында сәттілік Прижмичтің жағында болды, ол өз мүмкіндігін пайдаланып, партияны 7:5 есебімен ұтты. Осылайша, теннисшілердің алғашқы кездесуі 21 жастағы хорватиялықтың жеңісімен аяқталды.
Матч барысында Шевченко 14 эйс жасады, жеті қос қателік жіберді және 15 брейк-пойнттың алтауын пайдаланды. Прижмичте сегіз эйс, тоғыз қос қателік және 11 брейк-пойнттың алтауы сәтті болды.
Шевченко үшін US Open бірінші айналымнан кейін аяқталды. Прижмич екінші айналымда Коулман Вон – Томми Пол жұбының жеңімпазымен кездеседі.
Қазақстандықтар арасында жеке сында тағы үш теннисші күресті жалғастырады. Александр Бублик (16) бірінші айналымда америкалық Джеффри Вулфпен (248) ойнайды. Елена Рыбакина (2) америкалық Тея Фродинмен (580), ал Юлия Путинцева (80) швейцариялық Белинда Бенчичпен (12) кездеседі.
АҚШ-тың ашық біріншілігі – хардта өтетін жыл сайынғы «Үлкен дулыға» турнирі, күнтізбелік жылдағы төрт мейджордың соңғысы. Алғаш рет 1881 жылы тамызда өткен US Open, микст турнирінің кейінге шегерілуіне байланысты екінші жыл қатарынан бір апта ерте басталады. Жалпы жүлде қоры – $108 млн – мейджорлар үшін рекордтық көрсеткіш. 1978 жылдан бері матчтар Нью-Йорктегі Билли Джин Кинг атындағы Ұлттық теннис орталығында өтеді.
Ерлер арасындағы қазіргі чемпион – испаниялық Карлос Алькарас (3), ол өткен жылғы финалда Янник Синнерді 6:2, 3:6, 6:1, 6:4 есебімен ұтқан болатын. Айтпақшы, әлемнің бірінші ракеткасы италиялық тізе жарақатына байланысты US Open-2026-дан бас тартты. Әйелдер арасында 2025 жылғы жеңімпаз беларусь Арина Соболенко болды, ол финалда америкалық Аманда Анисимованы 6:3, 7:6 (7:3) есебімен ұтты.


