«Шин-Лайн» компаниясы Қазақстанда корей технологиясымен балмұздақ өндіруді, сондай-ақ Кореяның Чоллабук-до провинциясының үлгісімен азық-түлік кластерін құруды келісті. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлады.

«Шин-Лайн» компаниясы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Оңтүстік Кореяға мемлекеттік сапары аясында жасалған келісімдер туралы мәлімдеді. Атап айтқанда, Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, балмұздақ пен сүт өнімдерін өндіретін жабдық шығарушы Sungwon Machinery Co. компаниясымен үшжақты меморандумға қол қойылды.

«Шин-Лайн» мен Sungwon Machinery Co. озық азиялық технологияларға негізделген корей форматты балмұздақ өндіру жобасын бірлесіп іске қосуды жоспарлап отыр. Осы технологияларды енгізіп, бейімдейтін «Шин-Лайн Инжиниринг» компаниясы құрылады. Сөз Dry Coater құрғақ глазурьлеу технологиясы, жоғары дәлдіктегі сорғы станциялары және Summer Crunch сериялы өндірістік кешендер туралы болып отыр.

Корей тарапы өндірісті жаңғыртуға және қосылған құны жоғары жаңа өнімдер жасауға мүмкіндік беретін инженерлік шешімдерді енгізуді қамтамасыз етеді.

«Біздің міндетіміз – корей тәжірибесін Қазақстанға әкелу, өзіміздің инженерлік құзыретімізді қалыптастыру және халықаралық жоғары стандарттарға сай жаңа өнімдер жасау. Біз мықты технологиялық серіктес таңдадық және бұл ынтымақтастық ұзақ мерзімді нәтиже береді деп сенеміз», – деді «Шин-Лайн» президенті Андрей Шин.

Келісім үш жылға есептелген. Ауыл шаруашылығы министрлігі жобаға мемлекеттік органдар тарапынан қолдау көрсетеді.

Сонымен қатар Shin-Line Group Кореяның азық-түлік өнеркәсіптік кластерін дамытуға жәрдемдесу институтымен Қазақстанда Оңтүстік Кореяның басты аграрлық және ауыл шаруашылығы орталығы саналатын Чоллабук-до провинциясының тәжірибесіне негізделген заманауи азық-түлік кластерін құру туралы келісті. Онда мемлекеттік Foodpolis кластері орналасқан.

Корея институты өз тәжірибесімен бөлісіп, Қазақстандағы болашақ азық-түлік кластерінің моделін қалыптастыруға сараптамалық қолдау көрсетеді. Ол өндірістік қуаттарды, ғылыми-зерттеу зертханаларын және инновациялық орталықтарды бір алаңда біріктіруі тиіс.

Компанияда атап өткендей, келісім тек стратегиялық және консультациялық сипатта, тікелей қаржылық инвестицияларды немесе мүліктік міндеттемелерді көздемейді. Сонымен қатар ол азық-түлік индустриясын дамыту үшін озық азиялық тәжірибелерді игеруге көмектесуі керек.

«Шин-Лайн» компаниясы 1995 жылы құрылған. Компания брендтерінің қатарында «Мишка на полюсе» пломбиры, «Снеговик» және «Белочка» эскимостары, «Бомба» балмұздағы, «Джусики» жеміс мұзы және басқалары бар. «Шин-Лайн» құрылтайшылары – Андрей және Наталья Шин.

Бұған дейін «Шин-Лайн» жапондық Shigemitsu Industry корпорациясымен келісім жасасқаны хабарланған. Компания Қазақстанда Ajisen Ramen жапондық рамен мейрамханалар желісінің франшизасын дамытады.