Екінші орта салмақтағы Дүниежүзілік бокс ұйымының (WBO) әлем чемпионы британдық Хамза Шираз қазақстандық Жәнібек Әлімханұлына қарсы міндетті титул қорғау жекпе-жегіне дайын екенін мәлімдеді. Британдық боксшының айтуынша, ол қарсыласпен айқастың қаржылық шарттары тиімді болса ғана рингке шығады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

«Біз жұдырықтасамыз, жекпе-жекке келісеміз. Кеттік, бастайық», — деп келтіреді Шираздың сөзін The Ring басылымы бас редактор Рик Риноға берген сұхбатында.

Айта кетейік, бастапқыда Шираз WBO-ның Әлімханұлын міндетті үміткер етіп тағайындау шешімін сынаған болатын. Енді британдық боксшы қазақстандықпен рингте кездесуге дайын екенін білдірді.

Алайда тараптар әзірге жекпе-жек өткізу шарттарын келісе алған жоқ. Шираздың айтуынша, ол DAZN стримингтік сервисінен, өзінің промоутерлік компаниясы Queensberry Promotions-тан немесе Әлімханұлының мүддесін қорғайтын Top Rank промоутерлік ұйымынан ұсыныс алмаған.

«Біз кәсіби боксшымыз, лайықты қаламақы үшін жұдырықтасамыз», — деп атап өтті британиялық.

Командалар тікелей келісімге келе алмағандықтан, WBO промоутерлік сауда-саттықты 16 қыркүйекке белгіледі. Ең төменгі рұқсат етілген мөлшерлеме 300 мың АҚШ долларын құрайды.

Шираз Әлімханұлымен жекпе-жекті мансабындағы ең ірі айқас деп санайды, бірақ сауда-саттықтың қорытынды сомасы мұндай жекпе-жек өткізуге жеткіліксіз болуы мүмкін деп қауіптенеді. Британдықтың айтуынша, жақсы қаржылық ұсыныс түссе, қазақстандықпен жекпе-жекке оның тарапынан ешқандай кедергі болмайды.

Шираз екінші орта салмақтағы WBO белбеуін иеленеді және кәсіби рекорды мынадай: 24 жеңіс, бір тең ойын және бірде-бір жеңіліс, оның 19 жеңісін нокаутпен алған. Соңғы жекпе-жегінде 25 шілдеде британиялық Симон Захенхуберді төрешілердің көпшілік шешімімен жеңді.

Еске салайық, бұған дейін Әлімханұлы Сауд Арабиясының Ойын-сауық істері жөніндегі бас басқармасының төрағасы Түрки әл-Шейхке жария түрде жолдау жасап, Ширазбен жекпе-жек ұйымдастыруға көмектесуін сұраған еді.

33 жастағы Әлімханұлы 2026 жылдың жазында екінші орта салмаққа ауысып, осы үшін орта дивизиондағы WBO чемпиондық белбеуінен бас тартты. Ол кәсіби рингте жеңіліс көрмеген — 17 жекпе-жекте 17 жеңіс, оның 12-сі нокаутпен.