Шығыс Қазақстан облысында шахтерлер мен қауіпті металлургия өндірістерінің жұмысшыларын құтқаруға арналған авариялық капсула әзірленуде, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Мұндай технологиялар бірқатар елдерде, соның ішінде Ресей мен Австралияда қолданылып жүр. Қазақстандық инженерлер отандық капсула бір уақытта 20-дан астам адамды сыйдыра алады деп есептейді.

Құрылымды болаттан жасап, автономды тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерімен жабдықтау жоспарлануда. Құлау немесе басқа апат кезінде капсула адамдарды сынықтардан қорғауы тиіс. Ішінде оттегі қоры, дәрі-дәрмектер және шамамен 36 сағат автономды жұмысқа есептелген жабдық қарастырылады.

Әзірге мамандар тәжірибелік үлгілерді жасап жатыр. Болашақта технологияны өнеркәсіптік кәсіпорындарға енгізуге дайын, алайда жобаның жүзеге асуы тау-кен компанияларының қызығушылығына байланысты болады.

Жобаның әзірлеушілерінің бірі Болат Сыптаев ірі кәсіпорындарда мұндай бір капсуланың жеткіліксіз болатынын айтады.

«Бір ауысымда 600-ден астам адам түседі, яғни бір капсула мүлдем жетпейді. Менің түсінігімде, авариялық құтқару капсуласы — бұл ғимараттағы өрт сөндіргіш сияқты: оларды бірнеше жерге орналастыру қажет», — деді ол.

Бар мәліметтерге сәйкес, өткен жылы Қазақстанның тау-кен өндіру секторында 2,5 мыңнан астам жазатайым оқиға болған. Әзірлеушілер жаңа жүйе шахталар мен металлургия кәсіпорындары қызметкерлерінің қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді деп сенеді.