Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны Талдықорғанға келіп, жеке үй жалдап, жасырын нарколаборатория ұйымдастырғаны үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Жетісу облысы прокуратурасының ресми сайтында мәлім болғандай, Жетісу облысы бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Шығыс Қазақстан облысының тұрғынына қатысты айыптау үкімін шығарды. Ер адам алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен сату мақсатында ерекше ірі мөлшерде психотроптық заттарды заңсыз дайындағаны үшін кінәлі деп танылды.
2025 жылы Telegram арқылы байланыста болған адамдардың ұсынысымен ол Талдықорғанға келіп, жеке үй жалдағаны анықталды. Прокуратура дерегінше, сол үйде ол мефедрон дайындайтын жасырын зертхана ұйымдастырған.
Тінту барысында 4,5 келіден астам есірткі табылып, тәркіленді.
Жасалған аса ауыр қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін ескере отырып, сот оған 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.


