Ертеде бір мүсәпір қарт байдың үйіне келсе, жұрт жиылып, той боп жатыр екен. Менменсіген бай оған жасың үлкен еді, төрге шық демепті.

Сонда қарт тұрып:

— Ойпырай, байеке, жаңа ауылдан шыққанымда, алдымнан бір шошқа тұра кеп қашқаны. Дереу қасымдағы тазымды қостым да жібердім. Тазым да жүйрік еді, дегенмен шошқа да желаяқ екен, — деген кезде, бай елең етіп:

— Я, тазың қуып жетті ме? — деп сұрайды.

Сонда қарт оған:

— Жоқ, байеке, шошқа дәл ана сіздей жерде, тазы дәл мына мендей жерде отырды, — деген екен.