Шымкентте тұрғындар ауадағы жағымсыз иіске жаппай шағымданып жатыр, ал ластану көзін анықтауға кірісіп кетті. Қала әкімі экологтарға кінәліні табуды тапсырды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қала тұрғындары қолайсыздықты қандай да бір кәсіпорыннан көріп отыр. «Кейде демалғым келеді, жатып алайын деймін, бірақ тыныс ала алмаймын. Терезе ашық ұйықтаймыз ғой. Бірақ үнемі күйік, түтін иісі шығады. Кешке қарай қаттырақ сезіледі. Иісі әртүрлі, бірақ әрдайым жағымсыз», — деді жергілікті тұрғын Әсел Мәлік.
Тұрғындардың айтуынша, жағдай жаз басынан нашарлаған — әсіресе түнде тыныс алу қиындаған. Жергілікті экологтар алаңдауға негіз жоқ деп сендіріп келеді. Қалада ауа сапасын бақылайтын алты бекет жұмыс істейді, олар шектен тыс көрсеткіштерді тіркемеген. Алайда биыл 37 кәсіпорын шығарынды көлемін асырғаны үшін айыппұл арқалады. Мамандар қала тұрғындарының сезімін жоққа шығармайды, бірақ ауадағы ластаушы заттардың мөлшерін тым жоғары әрі қауіпті деп санамайды.
«Біз мұны индустриялық аймақта күн сайын ашылып жатқан жаңа кәсіпорындармен байланыстырамыз. Мысалы, 2023 жылдан бүгінге дейін жалпы шығарынды 31 мыңнан 40 мың тоннаға дейін өсті. Иісті жоққа шығармаймыз. Ол бар, бірақ қала құраушы кәсіпорындар да бар. Зиянды шығарындысыз кәсіпорын болмайды», — деді Шымкент бойынша экология департаментінің басшысы Ермахан Қозыбаев.


