Шымкентте 40 жастағы күрес шебері Василий Колесниковты өлтіруге қатысты резонанстық іс бойынша сот процесі басталды. Оны қаңтар айында жаппай төбелестен кейін жол-көлік оқиғасы болған жерден ұрлап кеткен еді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
КТК телеарнасының мәліметінше, қайғылы оқиға 20 қаңтарда болған. Сол күні Шымкентте алдымен қарапайым жол апаты тіркелді: екі көлік соқтығысып, жүргізушілер мәселені анықтау үшін көліктен түскен. Алайда көп ұзамай апат орнына бір топ ер адам келіп, жанжал жаппай төбелеске ұласып, ол бейнекамераға түсіп қалған. Бір сәтте қарсыластары Василийді өз көліктеріне итеріп мінгізіп, белгісіз бағытқа алып кеткен. Қорғаушы тарап бұл апаттан кейінгі кездейсоқ төбелес емес, алдын ала жоспарланған торуыл болғанын айтады.
Ұрлаудан кейін Колесниковты бірнеше сағат іздеген. Кейін оның денесі Шымкент қаласының маңынан табылған. Тергеу деректері бойынша, денеде қатігездікпен жасалған азаптау іздері болған. Сот алдына алты адам келді, олардың беттерін көрсетуге тыйым салынды. Тағы екі күдікті іздеу жарияланған.
Мемлекеттік айыптаушы Мұхтар Арыстанов: «Ерекше қатыгездікпен Колесниковқа бірнеше рет қатты затпен, сондай-ақ кесетін қасиеті бар өткір затпен соққы жасаған. Келтірілген дене жарақаттары оның өліміне әкелуі мүмкін екенін біле тұра, осындай салдардың болуын қалап, олар оны әдейі өлтірген», — деді.
Еске салайық, қаңтар айында Шымкенттегі жол апатының бейнежазбасы әлеуметтік желіде тарап, ол жаппай төбелеске ұласып, адам өліміне әкелген еді. Екі көлік соқтығысқаннан кейін жанжалға үшінші көлік те қосылғаны айтылған. Нәтижесінде бір ер адам көптеген пышақ жарақатын алса, тағы біреуін күшпен қала сыртына алып кетіп, кейін оның денесі табылған.
Кейін денсаулық сақтау басқармасы қалалық №1 клиникалық ауруханаға 1990 жылы туған науқас ауыр жағдайда жеткізілгенін хабарлады. Оған сол жақ кеуде қуысының тесілген жарақаты диагнозы қойылып, шұғыл хирургиялық ота жасалған. Зардап шеккен адам реанимацияға жатқызылған.
Сондай-ақ Шымкент полиция департаменті кісі өлтіру және бұзақылық жасады деген күдікке ілінген төрт ер адамды анықтап, ұстағанын мәлімдеді. Кейін тағы үш күдіктінің ұсталғаны хабарланды.


