Шымкентте орналасқан Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұланының 6506 әскери бөлімінде бойы екі метрге жуық қатардағы сарбаз Денис Мухин мерзімді қызмет өткеруде. ІІМ Ұлттық ұланының ресми Telegram-арнасында хабарланғандай, 19 жастағы әскери қызметші 47-ші өлшемді аяқ киім киеді, сондықтан әріптестері оны әзілдеп «Гулливер» деп атап кеткен, деп жазады infohub.kz сайты.

Жас жігіт Алматы облысынан мерзімді қызметке шақырылған. Ол шақырылғанға дейін Талғар политехникалық колледжін бітіріп, «автоэлектрик» мамандығын алған. Денис бала күнінен спортпен айналысады — көп жылдар бойы волейболға ден қойған. Өзінің айтуынша, ірі дене бітімі әкесінен дарыған: тоғызыншы сыныпта-ақ 45-ші өлшемді аяқ киім киген.

Жаңадан келген сарбаздың дене ерекшелігі қызметтің алғашқы күндерінен-ақ байқалды. Оқу пунктінде оған лайықты берц табылғанша бірнеше күн әскери бөлім берген кроссовкамен жүруге тура келді. Соңында киім-кешек қызметі қажетті 47-ші өлшемді тауып берді. Енді ерекше ірі берцтер ұлан сарбазының жабдығының ең көзге түсетін бөлшегіне айналды.

Қазіргі таңда қатардағы сарбаз күн сайын Шымкент көшелерінде патрульдеу жүргізіп, қала тұрғындары мен қонақтарының қоғамдық тәртібі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуде. Сонымен қатар Денис әріптестерінің арасында тек бойымен ғана ерекшеленбейді. ІІМ Ұлттық ұланының мәлімдеуінше, ол қазақ тілін жақсы меңгерген және күнделікті қызметте оны еркін қолданады. Бүгінде жүргіншілер әскери киімдегі ұзын бойлы ұланға жиі назар аударады, ал әріптестері оны өзара әзілдеп «Гулливер» деп атайды.