- 11 қар. 2019 00:00
- 271
Сырымға анасының айтқаны (I нұсқа)
(I нұсқа)
— Балам, саған жерік болып тамақ талғап жүргенімде, ел Сауран айналып алысқа көшті. Көшкен елдің көптігінен малға, адамға су жетпей, ел төбелесіп, қырылысуға айналды. Сол кезде көптің арасынан астында күрең жорға аты бар, үстінде таза жақсы киімі бар бір ақсақал шығып, көпті айғайлап тоқтатып: «Мен сіздерге билік айтам», — депті. Құдықтың суын ең әуелі адам баласы ішсін, таласпаңдар, содан кейін мінген ат, жүк артқан көлік ішсін. Содан соң жарлы адамның сауын малы суғарылсын. одан кейін орта үйдің малы суғарылсын, малы суғарылған адам артына қарамай, ілгері көше берсін, қалған суды байлардың малы ішсін! — дейді. Оған ел разы болып: «Рахмет ақылыңызға!» — деп тоқтады. Сол адамға қарап тұрып: «Япыр-ай, мынау неткен ақылды адам еді, осындай байы болған немесе баласы болған ананың арманы бар ма екен? — деп іштей тілеп едім, Құдай тілегімді беріп, сен тудың, — депті.