Қазақстандық каратист Софья Берульцева Жапонияда өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарында ел қоржынына төртінші алтын медальді салды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

25 жастағы спортшы 68 келіден жоғары салмақ дәрежесінде сынға түсті. Финалға дейінгі жолда ол Сауд Арабиясының өкілі Дина Ахмед Мостафаны (9:6) және Непал спортшысы Арика Гурунгты (2:1) ұтты.

Шешуші белдесуде Берульцева Таиланд өкілі Маниван Бутсуванмен кездесті. Айқас қазақстандық спортшының 8:0 есебімен мерзімінен бұрын жеңісімен аяқталды.

Осы салмақ дәрежесінде қола медальді Мостафа мен индонезиялық Лейка Аль Хумайра Лубис жеңіп алды.

Берульцева Азия ойындарының екі дүркін чемпионы атанды. Ханчжоу-2022 ойындарында ол 61 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жеңіске жеткен болатын. Сондай-ақ қазақстандық спортшының қоржынында Токиодағы Олимпиада-2020 қоласы, әлем чемпионаттарының екі медалі және Азия чемпионы атағының үш титулы бар.

Берульцеваның алтыны Қазақстан құрамасы үшін Азиада-2026 ойындарындағы төртінші медаль болды. Бұған дейін пьедесталдың ең биік сатысына велошабандоздар Рината Султанова мен Алексей Луценко, сондай-ақ каратист Жоламан Бигабыл көтерілген еді.