Солтүстік Аралдағы су көлемі рекордтық 23,4 млрд текше метрге жетті. Ал Каспий теңізін сақтап қалу үшін Қазақстан жағалаудағы елдердің, Шанхай ынтымақтастық ұйымының, БҰҰ Даму бағдарламасының және Жапонияның күшін жұмылдыруға мәжбүр болды. Республикада ірі су айдындарын тартылудан қалай қорғауға тырысып жатқаны туралы үкіметте айтып берді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Министрлер кабинетінің дерегінше, Солтүстік Аралдағы су көлемі артып келеді. 2022 жылы бұл көрсеткіш 18,9 млрд текше метр болса, 2023 жылы — 21 млрд, 2024 жылы — 22 млрд болған. Ал өткен жылдың қорытындысы бойынша 23,4 млрд текше метрге жетті. Ағымдағы жылдың басынан бері теңізге шамамен 1,5 млрд текше метр су жіберілді.
Аралдың минералдануы да екі есе азайды. Бұл тірі организмдер мен су айдыны экожүйесінің қалпына келуіне ықпал етті.
«Қол жеткізілген көрсеткіштерді ұстап тұру үшін Су ресурстары және ирригация министрлігі жыл сайын Сырдария арнасымен кемінде 2 млрд текше метр су өткізуді қамтамасыз етеді», — деп атап өтті үкіметте.
Сонымен қатар, Қазақстан билігі Дүниежүзілік банкпен Көкарал бөгетін қайта жаңғырту және Аралдағы су деңгейін Балтық жүйесі бойынша 44 метрге көтеру туралы келісімге келді.
Каспий теңізінің ауданы шамамен 390 мың шаршы км, су көлемі — 76 мың текше км шамасында, жағалау сызығының ұзындығы — 6,5 мың км. Каспийге 130 өзен құяды, олар жылына орта есеппен 290 текше км су әкеледі. Негізгі көлем Жайыққа тиесілі — шамамен 80%, Жемге — 3,5%. Басқа да ірі өзендер қатарында Кура, Сулак және Самур бар.
Жайық-Каспий бассейні бойынша 2025 жылы Жайық өзенінен Каспий теңізіне 6 текше км су келді, Қиғаштан — 4,9 текше км. 2026 жылы осы екі өзеннен жиынтық ағын шамамен 7,3 текше км болды.
Қазақстан теңізді сақтаудың бірлескен тәсілдерін тұрақты түрде ілгерілетіп келеді. Мәселен, 2025 жылы Шанхай ынтымақтастық ұйымының кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ның су мәселелерін зерттеу орталығын құру бастамасын көтерді. Сондай-ақ жағалаудағы мемлекеттердің қатысуымен Каспийдегі суды сақтау жөніндегі мемлекетаралық бағдарламаны дайындау жүріп жатыр.
Бұған қоса, елде Жапония үкіметінің қолдауымен «Каспий теңізінің деңгейі төмендеу жағдайында тұрақтылықты арттыру» жобасы іске қосылды. БҰҰ Даму бағдарламасымен және халықаралық серіктестермен бірлесіп, теңіз және жағалау ресурстарын басқару мен пластик ластануын азайту бойынша бірнеше жоба қалыптастырылуда.
Еске салайық, БҰҰ Каспий бойынша алдағы 50 жылға қорқынышты болжам жасады. Спутниктік суреттер ашылған түбтің километрлерін тіркейді, ал порттар мен балықшы ауылдары судан оқшауланған. Ғалымдар Каспий деңгейі кемінде жарты ғасыр бойы төмендей беретінін ескертеді. Олардың айтуынша, басты себеп — жаһандық жылыну мен қарқынды булану. Бұл ретте Каспий теңізінде планетада қалған бекіре популяциясының 90%-ы мекендейді.
Бұған дейін «Курсив» Маңғыстау облысындағы Құрық ауылының маңында Каспий жағалауында ерекше тасбақа байқалғанын жазған. Бұл түр үшін теңіз — онша әдеттегі мекен емес, сондықтан оның сонда пайда болуы мамандардың сұрақтарын тудырды.


