Солтүстік Қазақстан облысында құнды артемия салина шаянын заңсыз аулауды ұйымдастырған екі ер адам бір жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Солтүстік Қазақстан облысы прокуратурасының мәліметінше, 300 келіден астам артемия салина шаянын заңсыз аулау мемлекетке шамамен 6 миллион теңге шығын келтірген.
«2025 жылдың шілдесінде екі ер адам су биоресурстарын заңсыз аулау туралы алдын ала келісіп, Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданындағы көлдердің біріне келген. Түнгі уақытта қылмыскерлер 336,4 кг артемия шаянын заңсыз аулап, оны материалдық сыйақыға өткізуді жоспарлаған. Заңсыз кәсіп орнында ер адамдарды полиция қызметкерлері ұстап, ауланған биоресурстар мен аулау құралдарын тәркілеген», — деп хабарлады қадағалау органында.
Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, мемлекетке келтірілген экологиялық шығын 5 952 104 теңгені құраған.
Сот талқылауы барысында айыпталушылар кінәсін мойындап, жасаған әрекетіне өкініп, мемлекетке келтірілген шығынды толық өтеген.
«Сот қылмыстың пайдакүнемдік сипатын, алдын ала сөз байласуды және экологиялық шығынның ірі мөлшерін ескере отырып, нақты бас бостандығынан айыруға байланысты жаза тағайындау қажет деген қорытындыға келді. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2026 жылғы 21 қыркүйектегі үкімімен екі айыпталушы да Қылмыстық кодекстің 335-бабы 4-бөлігінің 1-тармағы бойынша сотталды. „Рақымшылық туралы“ заңды ескере отырып, жазаның түпкілікті мерзімі әрқайсысына бір жыл бас бостандығынан айыру болды», — деп хабарлады прокуратурада.
Үкім заңды күшіне енді.
Прокуратураның қосымша мәліметінше, артемия салина шаяны балық шаруашылығында, фармацевтикалық өнеркәсіпте және басқа да салаларда кеңінен қолданылатын құнды су биоресурсы саналады. Оны бақылаусыз аулау табиғи экожүйелерге зиян келтіріп, су айдындарының экологиялық тепе-теңдігін бұзады.


