Бүгін, 21 қарашада, «Көне Тараз» этномәдени кешенінде «Асыл-Дизайн» сән үйі Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырған «ASPARA FASHION DAY 2026 — Мұра коды» халықаралық шарасы өтіп жатыр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Шара аясында халық қолөнері көрмесі, концерт, халықаралық форум және баспасөз конференциясы ұйымдастырылды. Бағдарламаның басты мақсаты — ұлттық мәдени мұраны заманауи сән арқылы насихаттау, отандық дизайнерлер мен халық өнері шеберлерінің шығармашылығын дәріптеу, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты дамыту.
Көрмеге Жамбыл өңірінің ұлттық нақыштағы авторлық бұйымдарын ұсынған 33 қолөнершісі қатысып отыр. Келушілерге дәстүрлі қолданбалы өнер туындылары, ұлттық ою-өрнекпен безендірілген бұйымдар және шеберлердің авторлық жұмыстары таныстырылды.
Концерттік бағдарламада Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының әртістері мен өңірдің шығармашылық ұжымдары өнер көрсетуде. Олардың орындауында туған өлкеге арналған халық әндері, термелер мен эстрадалық шығармалар шырқалуда.
Сонымен қатар Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану мұражайында өткен халықаралық форумда ұлттық мұраны заманауи сән арқылы насихаттау, креативті индустрияларды дамыту, дизайнерлер мен халық өнері шеберлерінің ынтымақтастығы мәселелері талқыланды. Жүздесуге жергілікті атқарушы органдардың, мәдениет және туризм саласының өкілдері, тарихшылар, сондай-ақ қазақстандық және шетелдік дизайнерлер жиналды.
Форум барысында Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемов өңірде киіз басу, тоқыма және зергерлік өнер дәстүрлері сақталып отырғанын атап өтті. Kazakh Tourism ұлттық компаниясының өкілі Ақбота Қайырханова шараларды Қазақстанның оқиғалық күнтізбесіне енгізу тәртібі және олардың өңірлердің туристік әлеуетін дамытудағы маңызы туралы әңгімеледі.
Биылғы халықаралық шараға бес елден — Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Түрікменстаннан 18 дизайнер қатысып отыр. Олар «Мұра коды» тақырыбына біріктірілген 21 авторлық коллекциясын ұсынады. Сән көрсетілімі аясында ұлттық киімнің, дәстүрлі ою-өрнектің және тарихи-мәдени элементтердің заманауи интерпретациялары көрсетіледі.
Көрсетілім бағдарламасында қазақстандық дизайнерлердің жұмыстарымен қатар шетелдік модельерлердің коллекциялары да ұсынылды. Сондай-ақ подиумда қолөнершілер мен Тараз қаласының модельдік агенттіктерінің жұмыстары көрсетіледі.
Бүгін сағат 17:00-де «Көне Тараз» этномәдени кешенінің көрме павильонында халықаралық сән көрсетілімі басталады.


