Шығыс Қазақстан облысында сот банк шотының иесін алаяқтардың әсерінен ақша аударған ер адамға екі миллион теңгені қайтаруға міндеттеді. Оқиға Алтай ауданында болған, онда зардап шеккен адам телефон алаяқтарының құрбаны болған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылғы 1 қазанда белгісіз адамдар өздерін емхана қызметкерлері және Ұлттық банк қауіпсіздік қызметінің өкілдері ретінде таныстырып, ер адамды үлкен соманы бөгде шотқа аударуға көндірген. Олар алаяқтықтың алдын алуға тырысып жатқандарын айтқан, ал зардап шеккен адам оларға сеніп, ақша аударған.
Ақша түскен шоттың иесі талапты мойындамады. Ол шотты ашпағанын, ақшаны алмағанын және OKX криптовалюта биржасында фототексеру кезінде өзі де алданып қалғанын мәлімдеді. Алайда сот банк үзіндісін зерттей келе, екі миллион теңгенің шынымен осы шотқа түскенін анықтады. Талапкер ұсынған түбіртектер оның ақшаны терминал арқылы салғанын растады.
Жауапкер шоттың оның қатысуынсыз ашылғанын немесе жеке деректерінің заңсыз пайдаланылғанын дәлелдей алмады. Нәтижесінде сот одан зардап шеккен адамның пайдасына екі миллион теңгені өндіріп алуды ұйғарды. Ер адам шешімге шағымдануға тырысты, бірақ апелляциялық саты оны өзгеріссіз қалдырды. Сот шешімі заңды күшіне енді.


