АҚШ-тың мемлекеттік хатшысының бұрынғы орынбасары, «Тайм» журналының тілшісі болған, кейін Брукингс институтын басқарған Строб Тэлбот 80 жасында дүниеден өтті. Бұл туралы оның ұлы Девин Тэлбот хабарлады, деп жазады infohub.kz сайты.

Ол Нью-Йорктегі Ист-Хэмптондағы үйінде ұзаққа созылған аурудан кейін тыныш жағдайда қайтыс болды.

Тэлбот Йель және Оксфорд университеттерінде білім алған. Оксфордта оқып жүргенде болашақ президент Билл Клинтонмен бір бөлмеде тұрған. Москвада «Тайм» журналында тағылымдамадан өткен соң, журнал оған Кеңес Одағы Коммунистік партиясының бұрынғы бірінші хатшысы Никита Хрущевтің жарияланбаған естеліктерін аударуға көмектесуді ұсынды. Тэлбот бұл тапсырманы орындап, осылайша журналға жұмысқа орналасты.

«Тайм» журналында 21 жыл еңбек етіп, кеңестік-америкалық қатынастарға назар аударды. Ол Вашингтон бюросының басшысы және сыртқы саясат шолушысы қызметтерін атқарды. Кейін Клинтон әкімшілігіне қосылды.

Тэлбот 1994 жылы АҚШ-тың мемлекеттік департаментіне келіп, көп ұзамай мемлекеттік хатшының орынбасары болды. Бұл қызметте әкімшіліктің Ресейге және бұрынғы кеңестік елдерге қатысты саясатының негізін қалады, сондай-ақ 1998 жылы Үндістан ядролық сынақ жүргізгеннен кейін АҚШ пен Үндістан арасындағы келіссөздерді жүргізді.

2002 жылдан 2017 жылға дейін АҚШ-тың ең беделді зерттеу орталықтарының бірі — Брукингс институтының президенті болды. Осы уақытта АҚШ мемлекеттік департаментінің сыртқы саясат жөніндегі кеңесін де басқарды.

Тэлбот оннан астам кітап жазған. Оның соңғы кітабы «Our Founders' Warning: The Age of Reason Meets the Age of Trump» деп аталып, 2020 жылы жарық көрді.

Ол 1946 жылы Огайо штатының Дейтон қаласында дүниеге келген. «Нью-Йорк Таймс» газетінің мәліметінше, оның артында екі ұлы — Девин мен Эдриан, өгей қызы Ребекка Эшер-Уолш, ағайындылары Кирк, Марджо және Пейдж Тэлбот, сондай-ақ сегіз немересі қалды.

Оның бірінші әйелі Брук Ширер 2009 жылы қайтыс болды, кейін ол жазушы Барбара Лэзир Эшерге үйленді.